Жамбыл облысында полицияны қорлаған ер адам жазаға тартылды

Жамбыл облысында билік өкілін, атап айтқанда полиция қызметкерлерін қорлаған ер адам жазаға тартылды.
Қордай аудандық соты билік өкілін қорлаған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.
2025 жылдың желтоқсан айында түнгі уақытта сотталушы қызының дүниеге келгенін тойлап, Қордай ауылындағы кафелердің бірінде достарымен алкоголь ішкен. Кафе әкімшілігі мекеменің жабылатынын бірнеше рет ескерткен, бірақ сотталушы кафеден кетуден бас тартқан.
Сотталушы келген полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, олардың заңды талаптарына бағынбаған. Сонымен қатар, ол полиция қызметкерлерін кафеде де, медициналық тексеруден өту үшін келген ауруханада да қорлаған. Кінә тараптардың айғақтарымен, бейнежазбалармен және сот-психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысымен дәлелденген.
Сот азаматтың кінәсін мойындар, өкініш білдіріп, жас балаларының бар екенін ескеріп, жеңіл жаза берді. Сот үкімімен «кінәлі» деп танылып, оған 40 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды. Бұл шамамен 157 280 теңге болады.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кететін жайт, Атырау облысында полицейлерді соққыға жыққан жастарға қатысты қылмыстық іс қозғалды