Жаз ыстық болады: министр құрғақшылық қаупі төнетін өңірлерді атады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда биыл жаз әдеттегіден ыстық болады деп күтіліп отыр. Елдің кей өңірлерінде жауын-шашын азайып, құрғақшылық қаупі сақталады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, мамыр-маусым айларында республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Ал шілдеде елдің көп бөлігінде температура норма шегінде сақталғанымен, батыс аймақтарда аптап ыстық болуы мүмкін.

«Жалпы мамыр айында ауа райы егін егу жұмыстарын жүргізуге қолайлы болады. Алайда жоғары температураға байланысты топырақтың үстіңгі қабаты тез кебуі мүмкін», – деді Ерлан Нысанбаев.

Егістікке ылғал жеткілікті ме

Көктемгі дала жұмыстары кезеңінде елдің көп бөлігінде топырақ ылғалы қолайлы деңгейде сақталған.

«Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында топырақтың метрлік қабатындағы ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық әрі оңтайлы деп бағалануда. Ал Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында ылғал деңгейі қанағаттанарлық болғанымен, кей аудандарда тапшылық туындауы мүмкін», деп толықтырды министр үкіметте жасаған баяндамасында.

Министрдің мәліметінше, әсіресе Ақтөбе облысының Шалқар ауданында және Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жайылымдарда құрғақшылық қаупі бар.

Мамырда қай өңірлерде жауын аз болады

Синоптиктердің болжамынша, мамыр айында жауын-шашын көлемі елдің басым бөлігінде норма шамасында болады.

Алайда орталық және оңтүстік-батыс өңірлерде жауын аз түсуі мүмкін. Олардың қатарында Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігі, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарының оңтүстік аудандары, сондай-ақ Ұлытау мен Қызылорда облыстары бар.

«Жекелеген аудандарда жергілікті ылғал тапшылығы болуы ықтимал», – деді министр.

Маусымда күн қатты ысиды

Маусым айында да Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы нормадан жоғары болады деп күтіліп отыр.

Тек шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде, атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Алматы, Абай және Жетісу облыстарында температура қалыпты деңгейде сақталады.

Жауын-шашын астықты аймақтардың көпшілігінде норма шамасында болғанымен, Ұлытау, Ақтөбе облыстарында, Қостанай облысының оңтүстігінде және Түркістан облысының солтүстігінде тапшылық болуы мүмкін.

Шілдеде батыста аптап ыстық болуы мүмкін

Шілде айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты болады. Бірақ Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Ақтөбе өңірінің көп бөлігінде температура 1-2 градусқа жоғарылауы ықтимал.

Бұл кезеңде шығыс өңірлерде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп болжанса, батыс аймақтарда жауын аз түсуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз