«1 млрд теңге»: Алматыдағы жекеменшік мектептер мемлекеттен қарызын ала алмай жүр

Алматыдағы жекеменшік мектептер жарты жылға жуық мемлекеттен тиесілі төлемін ала алмай келеді. Бүгін мектеп құрылтайшылары жиналып, журналистер алдына шықты. Олардың сөзінше, мемлекет 2025 жылдың қыркүйегі-желтоқсан аралығындағы 1 млрд 18 млн теңгені әлі төлемеген.
«Бұл жерде мәселе А2 компоненті болып тұр яғни мемлекеттің мектеп құрылысы үшін беру керек төлемі. Бізге 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан аралығы үшін әлі төленген жоқ. Қазір мамыр болды, қаржыландыру түспеді. Алматы қаласындағы 23 мектеп осындай қиын жағдайда тұр», – деді Millenium жекеменшік мектебінің құрылтайшысы Любовь Айтхожина.
Спикердің дерегінше, мемлекеттен тиесілі қаржысын ала алмай жүрген 23 жекеменшік мектеп былтыр бюджетке 4 млрд теңгеден аса салық пен әлеуметтік төлем құйған. Бірақ үкімет оларға 1 млрд теңге қарыз болып отыр.
Түсіндіре кетсек, мемлекет саясаты бойынша жекеменшік мектептер екі түрлі тәсілмен қаржыландырылады. Олар A1 және А2 компоненттері деп аталады.
А1 компоненті – мұғалімдердің жалақысы мен күнделікті оқу процесін қамтамасыз етуге арналған операциялық шығындарды өтейді, әр бала үшін берілетін төлемақы.
А2 компоненті – жекеменшік мектеп ғимаратын салуға немесе жаңартуға жұмсалған инвестициялық шығындарды төлеп беретін қаражат. Яғни инвестор өз қаражатына мектеп салып, бала қабылдап жұмысын бастағаннан кейін ол ақшасын мемлекет сегіз жыл ішінде бөліп төлеуі керек. Алматыдағы жекеменшік мектеп өкілдері дәл осы А2 компонентін ала алмай жүр.
Аталған білім беру ұйымдарында 9 мың оқушы оқиды, 2 мың адам жұмыс істейді. Жекеменшік мектеп өкілдерінің сөзінше, қазір олар қызметкерлердің айлығын уақытылы төлеу үшін қосымша несие алуға мәжбүр.
«Бір сәтте бәрін өзгертіп жіберді»
Любовь Айтқожинаның сөзінше, былтыр үкімет арнайы пилоттық жоба қабылдаған, соның салдарынан ондаған жекеменшік мектеп қаржыландырусыз қалған.
«Ол (пилоттық жоба – ред.) 2025 жылдың 17 қарашасында іске қосылды. Яғни оқу жылының тура ортасында, ал бюджет жылының соңында жұмысын бастады. Сол пилоттық жобаға сәйкес, Бюджеттік кодекстің 17-бабы бойынша, мектептердің санына байланысты белгілі бір критерийлер қойылды. Бірақ қазір ол жобада үлкен мәселе бар екенін көріп отырмыз. Нарыққа оң әсер етуі керек еді, дегенмен оның орнына мектептерге қаржыландыру түспеді, кассалық айырмашылық туындады, білім беру инфрақұрылымына салынған инвестицияға қауіп төнді», – дейді ол.
23 мектеп толығымен үкімет қойған талапқа сай келгенін, жоба аясындағы жаңа цифрлық платформаға тіркеліп, қажетті құжаттарын көрсетіп, барлық шарттарын орындағанын айтады. Бірақ оның өзі жеткіліксіз болған.
Оқу-ағарту министрлігі Бюджеттік кодекске сәйкес, жекеменшік мектептерді қаржыландыруға байланысты мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзырында екенін мәлімдеген. Ал Алматы әкімдігі жыл соңына қарай бюджет жылы біткенін айтып, қаржыландыра алмаймыз деген.
«Біз кемінде ай сайын бір рет Алматы әкімдігі, министрліктермен zoom-мен сөйлесіп отырамыз. Түсінуімізше, былтырғы қаржыны төлеу үшін конкурс жариялаған. Бірақ ол өтпей қалып, қаржы қайтадан бюджетке өткен. Енді пилоттық жоба аясында қандай-да бір механизм құрып, сол ақшаны төлемекші…. Бүгін таңертең бізге хабарласып, механизм қабылданды, соны түсіндіреміз деді. Бірақ біз оған қарамастан осы жиынды өткізуге бел будық. Егер ол механизм іске қосылып жатса, біз қуанышты болар едік, рахметімізді айтуға дайынбыз. Бірақ шындығына келгенде, ол біздің лайықты еңбекақымыз», – дейді Любовь Айтқожина.
«Келесі оқу жылын жоспарлай алмай отырмыз»
Проблема төрт айдың төлемімен ғана бітпейді. Қазір білім басқармасы жекеменшік мектептермен тек үш айға ғана келісім-шартқа отыратын болған. Яғни төлем толық бір оқу жылына берілмейді, әр үш сайын ғана бөліп төленеді. Бірақ соның өзі ұдайы кешіктіріледі.
«2026 жыл біз үшін оңай басталмады. Күн сайын бір өзгеріс болып жатады, бізбен кім, қашан келісім жасайтыны белгісіз. Ең бастысы – сол төлем жүйелі түрде кешігіп жатыр. Қаңтар үшін қаржыны сәуірдің соңында алдық. Ата-аналардан мүлдем төлем алмайтын мектептер бар екенін ескерсек, олардың тағдыры қыл үстінде тұр», – дейді «Aliance school» ЖШС құрылтайшысы Алина Мұрзаева.
Оның сөзінше, қаңтар-наурыз аралығы үшін қаржы кешігіп түсті, ал сәуір-маусым аралығы үшін келісім-шарт жасалмаған, оған қашан қол қойылатыны, қаржы қашан түсетіні белгісіз. Мұндай жағдайда келесі оқу жылында қандай өзгеріс болатыны тіпті түсініксіз. Мемлекеттен нақты жоспар болмаса, төлем болатынына кепілдік берілмесе, біз де ата-анамен баға саясатын қалай өзгертетінімізді де жоспарлай алмаймыз дейді мектеп өкілдері.
Жекеменшік мектептер мен мемлекет арасындағы дау былтыр басталған, әлі толық шешілмей келеді. Мемлекет жекеменшік мектептердің қаржысын төлеуді кешіктірді, білім беру ұйымдары ақылы форматқа көшті.
Ал биыл жыл басында Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялауда алаяқтық барын айтып, салаға нақты өзгеріс керек деген. Осыдан кейін оқу-ағарту министрлігі жаппай тексеріс жасап, кей жекеменшік мектептердің сапасы сын көтермейді деп мәлімдеді. Ал премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева қаржыландыру түбегейлі өзгереді дейді.