Жаңалықтар

Трамптың ұлдарымен байланысты компания вольфрам кен орны үшін 400 млн доллар сұраған

Вольфрам кен орнына қанша инвестиция құйылады / Фото: shutterstock

Дональд Трамптың ұлдарымен байланысы бар Cove Kaz Capital компаниясы Қазақстандағы вольфрам жобасын дамыту үшін АҚШ Қорғаныс министрлігінен қосымша 400 млн доллар сұраған. Бұл туралы Financial Times басылымы жазады.

Мәселенің мән-жайына қанық дереккөздердің хабарлауынша, Cove Kaz Capital биыл наурыз айында АҚШ-тың Стратегиялық капитал басқармасына (OSC) өтінім берген. Мекеме ұлттық қауіпсіздікке қажетті маңызды технологиялар жеткізу және жеткізу тізбегін қаржыландырумен айналысады.

Бұған дейін осы жобаға АҚШ үкіметі 1,6 млрд доллар қолдау көрсеткен.

Компания қаражат Орталық Қазақстандағы «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» вольфрам кеніштерін іске қосуды тездетеді деп есептейді.

Жобаға Трамп әулетінің қатысы қандай

Қазір АҚШ әкімшілігі Қытайға тәуелділікті азайту үшін жаңа кен көздерін іздестіріп жатыр.

Вольфрам – қорғаныс өнеркәсібінде, оның ішінде бронь бұзатын оқ-дәрі мен зымыран жасауда таптырмас шикізат.

2025 жылдың басынан бері металдың бағасы күрт өсіп, Қытай экспортқа шектеу қойғандықтан, Қазақстандағы кен орнының маңызы арта түскен.

Жобаға Трамптың ұлдары – кіші Дональд пен Эриктің қатысы бар. Өткен айда Cove Kaz Capital компаниясы ағайынды Трамптар қаржыландыратын Skyline Builders корпорациясымен бірігетінін жариялады.

Cove компаниясының басшысы Пини Альтхаус жобаға АҚШ Президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігіндегі жоғары лауазымды тұлғалардың тікелей қолдауы болғанын растаған.

Өндіріс 2029 жылы іске қосылмақ

Cove Kaz Capital-дың мәлімдеуінше, Қазақстандағы кеніш – Қытайдан тыс жердегі ең ірі вольфрам жобасы.

Компания 2028 жылы құрылыс жұмыстарын бастап, 2029 жылы өндірісті іске қосуды көздеп отыр.

Трамптың ұлдары инвестициялық құрылымдарда тек инвестор екендерін және басқару ісіне араласпайтындарын айтып, қаржы сұрау мәселесіне қатысты әзірге ресми пікір білдірмеген.

Сондай-ақ, олардың әкесі басқаратын әкімшіліктен қолдау көрсетілерін алдын ала білгені немесе шешімге ықпал еткені туралы тікелей дәлелдер жоқ.

Бұған дейін «Тау-Кен Самұрық» компаниясы «Солтүстік Қатпар» вольфрам кен орнын игеріп отырған компаниядағы 70% үлесін Cove Kaz Capital Group-ке сатқан.

Қарағанды облысында орналасқан «Жоғарғы Қайрақты» мен «Солтүстік Қатпар» кен орындары болашағы зор кен орны саналады. «Солтүстік Қатпар» кен орнында шамамен 90 мың тонна вольфрам мен 13 мың тонна молибден бар деп бағаланған.

Cove Kaz Capital Group LLC – халықаралық Cove Сapital Group LLC құрамына кіреді. Аталмыш топ 2015 жылдан бері геологиялық барлау кезеңінен бастап құрылыс кезеңіне дейінгі тау-кен жобаларына инвестиция салып келеді. Cove Capital кеңсесі АҚШ пен Аустралияда орналасқан.