Астанада бағдаршамның қызыл түсіне жүгіріп шыққан жасөспірімді көлік қағып кетті

11 мамырда Астанада 13 жастағы жаяу жүргіншінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Полиция департаментінің мәліметінше, Renault автокөлігінің жүргізушісі реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде бағдаршамның тыйым салу сигналына жолдың жүру бөлігіне жүгіріп шыққан жасөспірімді қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған бала дене жарақаттарын алып, ауруханаға жатқызылды. Оқиға фактісі бойынша тексеру жүргізілуде.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, зардап шегуші жедел түрде №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Пациенттің жағдайы ауыр деп бағалануда.
«Қазіргі уақытта пациент барлық қажетті медициналық көмекті толық көлемде алуда», – деп хабарлады ведомстводан.
Полиция департаменті жаяу жүргіншілердің, әсіресе кәмелетке толмағандардың жол қозғалысы ережелерін бұзуы көбіне ауыр зардаптарға әкелетінін ескертіп, ата-аналарды балаларға деген бақылауды күшейтуге шақырды.