«Даудың басы Дәулеттің көк папкасы»: Депутат әйелін құттықтаған оқиғаны түсіндірді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
SMM бөлімінің редакторы
фото: Kursiv Media коллаж, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжілістің папкасына тілек жазып, әйелін арнайы құттықтап көптің сынына ұшыраған депутат Дәулет Мұқаев ісінен әбестік көрмейді. Ол Kursiv Media тілшісіне пікір білдіріп, әрекетін түсіндірді.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры секілді, даудың басы Дәулеттің көк папкасы болып кетті. Бұл ешқандайда ресми құттықтау емес. БАҚ-та Парламент атынан құттықтады деп тақырып қойып жатыр ғой. Шындығында, олай емес. Парламент қабырғасында жүрген әр әріптесіміздің қолында ақ папка, көк папка бар. Ол папка менің қолымда да жүр, ішіне құжаттарым салынған. Мен дизайнын жасаттым, қағаздан басып шығардым, соған 5000 теңге төледім де осы папкамен құттықтадым, болды», – дейді ол.

Мұқаев әрекетін ешқандай заң бұзушылық деп саналмайды әрі көк папканың еш заңды күші жоқ екенін айтады.

«Бұл жерде Парламент регламентіне сәйкес құқық бұзушылық болған жоқ. Регламентке сәйкес, папканы Парламенттің ресми бланкісіз пайдалануға болмайды. Ал мұндай жағдайда (отбасылық отырыста – ред.) бұл жай папка болып есептеледі. Екінші бір нәрсе, құттықтау жұмыстан тыс, достарымыздың отырысында болды. Парламенттің жалпы отырысында немесе мемлекеттік ғимаратта болған жоқ. Әріптестердің қосымша құттықтауы, олардың қолы да болған жоқ», – деп атап өтті депутат.

«Жалпағынан басып неше түрліні істеуге болады»

Дау болған видео Дәулет Мұқаевтың парақшасына 6 мамырда жүктелген. Депутат отбасылық жиында әйелін ортаға шығарып, туған күнімен құттықтайды. Ал жұбайына арнаған тілегін «Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі» деген көк папкаға салған.

«Парламентте бұл нәрсені біз сатып алып, жасатамыз. 5000 теңге тұрады. Өзіміз мәтінін жазып, ресми құттықтауларға, іс-шараларға барғанда алып барамыз. Лаура отыз жасқа толғанда маған да солай өз көңіліңмен жазып берші деп айтқан еді. Иә деп айтып алып, Парламент қой біртүрлі емес пе деп қалғанмын. Бірақ білесіздер, биыл Парламент бірінші шілдеде тарайын деп жатыр, содан қолымда тұрған нәрсе ғой деп 5000 теңгесін төлеп, жүрекжарды тілегімді жазайын дедім», – дейді ол сөз басында.

Депутаттың «жалпағынан басып та неше түрліні істеуге болады» деген сөзі де сынға ұшырады.

«Депутат атанып, жалпағынан басып та неше түрлі дүниені де істеуге болады. Бірақ менің арым, ұятым жеткізбейді көп нәрсеге. Қарапайым ғана нәрсе, депутаттық 75 сағатқа қызметтік көлік беріледі. Үш жыл болды қызмет істеп жатқаныма, әйелім де, бала-шағам да ол көлікке отырып көрген жоқ. Мен өзіңнің көлігің бар, сонымен жүр, бұл – қызметтік көлік деп айтамын», – дейді Мұқаев.

Оқырмандары бұл әрекетіне түрлі пікір білдірген.

«Парламент ойыншық болып тұр ма, сонда не масқара, әдеп қайда?

Парламент Ардақ екеуіңе ойыншық болды ғой…

5000 теңге берейін, маған да құттықтау жазыңызшы…

Жалпағынан басып та дегенді қалай түсінуге болады», – деп жазған парақшадағы видео астына.

Осыған дейін депутат Ардақ Назаров мәжіліс мінберінен анасын туған күнімен құттықтап, сынға қалған. Кейін ол әрекетін елге ой салу, өскелең ұрпаққа сабақ болса деген ниетпен биік мінберден, анаға деген құрметін жеткізгісі келгенімен түсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз