Банк пен қаржы

«Самұрық-Энерго» да құнды қағазды Қытай валютасымен шығарды

Самұрық Энерго Қытай валютасымен облигация шығарды
Ұлттық компаниялар қытай валютасымен құнды қағаз шығарып жатыр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Самұрық-Энерго» холдингі де құнды қағаздарды Қытай валютасымен шығарды. Компания құны 731 млн юань тұратын облигацияларды Astana International Exchange алаңына орналастырды.

Құнды қағаздар AIX-те 6 мамырда жарияланған. Барлығы 731 мың дана. Облигациялар құны 2029 жылғы 10 сәуірде өтелуге тиіс.

Ал 8 мамырда «Қазақстан темір жолы» да 1,18 млрд юаньға құнды қағаз орналастырғанын көріп отырмыз. Айта кетейік, ұлттық компания 2026 жылғы ақпанда 1,6 млрд юань көлеміндегі облигацияны AIX-ке орналастырған.

Қазір Қазақстанда Қытай валютасымен құнды қағаз шығару сәнге айналды. Жақында ғана, 2026 жылғы сәуірде, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 3 млрд юань тұратын құнды қағаздарын орналастырған.

Бұның алдында – 30 қаңтарда «Қазақтелеком» компаниясы 823,61 млн юаньға бағалы қағаз шығарған.

Осылайша Астана халықаралық биржасында 2026 жылы юаньмен сатылатын қағаз көбейді. Бұл Қазақстанның Қытай нарығынан қаражат тарту ұмтылысын көрсетеді. Мұндай әрекет көршілес екі ел арасында қаржы саласындағы байланысын арттырады.

«Самұрық-Энерго» – электр қуатын өндіру, жеткізу, бөлумен айналысатын ірі холдинг. Елдегі электр компаниялары мен жылу электр станцияларының дені соған қарайды.