Сарбаз Жайғалиев қазасы: әскери бөлім командирін соттайды

Маңғыстау облысында сарбаз қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 2026 жылғы 17 ақпанда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы аумағында болған. Сарбаз «Бейнеу» полигонында оқ ату жаттығуы кезінде көз жұмған.
«17 ақпанында Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде командирдің қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан сарбаз Р. Жайғалиевтің қаза болуына байланысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды», – деп таратты құзырлы мекеме.
Прокуратура мәліметінше, тергеу барысында бөлім командирі жеке құрамды бақылауды және қарумен жұмыс істеу тәртібін қамтамасыз ету бойынша жарғылар мен бұйрықтарда көзделген шараларды қабылдамағаны анықталды.
«Бұл, түптеп келгенде, қайғылы оқиғаға себеп болды», – деп есептейді тергеушілер.
Әскери прокурорлар «қысқа мерзімде жеткілікті дәлелдер» жинақтап, қажетті сот сараптамаларын жүргізген. Содан кейін қылмыстық іс сотқа жолданған.
Бұған қоса, барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметтен босатылды. Сонымен бірге 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.