Союз-5 зымыран тасығышын жасауға Қазақстан үлес қосты ма

«Роскосмос» орта санаттағы «Союз-5» зымыран тасығышын дайындауда кімнің қандай үлес қосқаны туралы мәлімет жариялады. Оны «Бәйтерек» бірлескен жобасы жүзеге асырғанына қарамастан, федералдық мекеме Қазақстанның қосқан үлесін кішірейтіп көрсетті.
Кім не жасады?
Жаңа буынның «Союз-5» зымыран тасығышы 2026 жылғы 30 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағынан сәтті ұшырылды. Оны Қазақстан мен Ресейдің «Бәйтерек» бірлескен жобасы дайындаған.
«Роскосмостың» 13 мамырда Telegram-арнасында жариялаған мәліметінде кімнің қандай үлес қосқаны туралы ақпарат берілген.
Мәліметке сәйкес, зымыран-тасығыштың сызбасын «Прогресс» орталығы жасап, дайындаған. Ал оған ортатылған РД-171МВ қозғалтқышын Энергомаш әзірлеген. Осы кәсіпорынның құрамына кіретін бюро зымыран тасығыштың екінші бөлігінің РД-0124МС қозғалтқышын дайындаған.
Басқару жүйесі мен «Союз-5» қозғалтқышын апаттан сақтау жүйесін «Автоматики» кәсіпорыны әзірлеген. Борттағы телеметрия жүйесін, сонымен бірге Байқоңыр кешеніндегі телеметрияны «Ресей ғарыш жүйесі» холдингінің мамандары жасап шығарған. Борттағы бейнебақылау жүйесі мен навигация аппаратын «Ижевск радиозауыты» холдингінің мамандары дайындаған.
Қазақстан ше?
Астана үлесі бір ғана сөйлеммен атап өтілді. Зымыранның құрлықтағы инфрақұрылым жұмыстары «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорыны мен «Роскосмос» кәсіпорыны арасындағы келісім-шарт негізінде жүргізілген.
Қарап отырсаңыз, федералдық мекеме таратқан мәліметтен Қазақстан үлесін байқау өте қиын. Шынымен, зымыранның өзінің техникалық мазмұнына Астананың көмегі тиген жоқ. «Бәйтерек» негізінен Байқоңырдағы ұшыру алаңын дайындаумен айналысты, көп қаржыны соған аударды.
Бұған дейін жобаның жалпы құны 90,8 млрд теңге екені айтылған. Соның 60,8 млрд теңгесін Қазақстан 2025 жылы құйған.
Жоспар бойынша, «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен 2028-2039 жылдар аралығында жыл сайын кем дегенде үш мәрте зымыран ұшырылады.