Түркия президенті Режеп Ердоған мемлекеттік сапармен Астанаға келді

13 мамырда кешке Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мінген ұшақ Астанаға қонды. Мәртебелі мейманды президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.
Астана әуежайында Ердоғанды қарсы алу салтанатын Ақорда тікелей эфирде көрсетті. Ердоғанға қызыл кілем төселсе, оның екі жағында сап түзеген қарауыл, қазақ және түрік туларын ұстаған балалар тұрды.
Әуеде екі тікұшақ Қазақстан мен Түркия туларын алып ұшты. Режеп және Эмине Ердоғандарды Тоқаев қарсы алды.
Түрік баспасөзінің мәліметінше, Қазақстанға келген делегация құрамында Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан, ұлттық білім беру министрі Жүсіп Текин, ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлер, өнәркесіп және технология министрі Мехмет Фатих Қажыр, сауда министрі Өмер Болат және басқа да ресми тұлғалар бар.
Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары үш күнге созылады. Ол 13-14 мамырда Астанада болады. Ал 15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады.