Жаңалықтар

Түркия президенті Режеп Ердоған мемлекеттік сапармен Астанаға келді

Түркия Ердоған
Фото: Ақорда

13 мамырда кешке Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мінген ұшақ Астанаға қонды. Мәртебелі мейманды президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.

Түркия Ердоған
Фото: Ақорда

Астана әуежайында Ердоғанды қарсы алу салтанатын Ақорда тікелей эфирде көрсетті. Ердоғанға қызыл кілем төселсе, оның екі жағында сап түзеген қарауыл, қазақ және түрік туларын ұстаған балалар тұрды.

Фото: Ақорда

Әуеде екі тікұшақ Қазақстан мен Түркия туларын алып ұшты. Режеп және Эмине Ердоғандарды Тоқаев қарсы алды.

Түркия Ердоған

«Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына дейін Түркия Президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты. Түркия Президентінің келуіне орай трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді. Екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар Режеп Тайип Ердоған бастаған Түркия елінің ресми делегациясына «Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп екі тілде қошемет көрсетті», – делінген Ақорда хабарламасында.

Түркия Ердоған
Фото: Ақорда

Түрік баспасөзінің мәліметінше, Қазақстанға келген делегация құрамында Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан, ұлттық білім беру министрі Жүсіп Текин, ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлер, өнәркесіп және технология министрі Мехмет Фатих Қажыр, сауда министрі Өмер Болат және басқа да ресми тұлғалар бар.

Түркия Ердоған
Фото: Ақорда

Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары үш күнге созылады. Ол 13-14 мамырда Астанада болады. Ал 15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады.