Асфальт мүмкін емес: депутат ауыл жолдарын цемент және қиыршық таспен салуды ұсынды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова ауыл жолдарына асфальт төсемей, оның орнына цемент, топырақ, құм және қиыршық тас қолдану арқылы салуды ұсынды. Тиісті депутаттық сауалды ол Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдады.

Смирнованың айтуынша, елде республикалық маңызы бар трассаларға басымдық беріліп келеді. Алайда шағын ауылдар мен фермерлік шаруашылықтарға апаратын жол мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

«Қанша қаржы бөлінсе де, олардың барлығына дәстүрлі тәсілмен асфальт төсеу мүмкін емес әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бірақ ауылдарды аудан орталығымен, мектеппен және өнім өткізетін нарықпен байланыстыратын жолсыз қалдыруға да болмайды», – деді депутат.

Депутат ұсынысы

Смирнованың пікірінше, қазіргі таңда іс жүзінде екі-ақ таңдау бар: не қымбат әрі ұзақ уақыт жол салу, не мүлде салмау. Десе де, депутат бұдан да қолжетімді балама бар екенін айтады. Ол – жергілікті материалдарды пайдаланып, цементпен нығайтылған жолдар салу.

Депутат мұндай жолдар асфальт жолдарға қарағанда 6–8 есе арзанға шығады деп пайымдайды. Тез салынады әрі температураның ауытқуы мен ауыр ауыл шаруашылығы техникасының жүктемесіне төзімді келеді.

Мысал ретінде депутат АҚШ, Германия және Қытай елдерін атады. Оның сөзінше, бұл мемлекеттерде ауылдық және дала жолдарын салуда осындай технологиялар кеңінен қолданылады.

Осыған байланысты депутат қолданыстағы құрылыс нормаларын қайта қарауды, цемент пен жергілікті материалдардан салынатын ауыл жолдарының типтік жобаларын әзірлеуді, сондай-ақ елдің бірнеше өңірінде пилоттық жобаларды іске қосуды ұсынды.

«Құрылыстың арзан әрі технологиялық тәсілдеріне көшу – амалсыз үнемдеу емес, аумағы кең ел үшін саналы инженерлік шешім», – деді ол.

Сонымен қатар Смирнова «Ауыл жолдары» атты жеке бағдарлама әзірлеу қажет деп санайды. Оның айтуынша, бағдарламада тек салынған жол шақырымдары емес, әр ауылдың көлік қатынасына қолжетімділігі ескерілуі тиіс.

Еске салайық, былтыр жергілікті жолдар мен көшелердің мүшкіл жағдайына қатысты азаматтардан келіп түскен шағымдардың саны 1,5 есе артып, 60 мыңға жуықтаған. Биылдың өзінде шамамен 7,5 мың шағым тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз