Ұялы телефондарды верификациялау мемлекет бақылауына өтеді

Қазақстандықтарға телефон нөмірлері мен смартфондарды басқа адамдарға беруге тыйым салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, смартфондарды верификациялау жүйесі енді мемлекетке беріледі. Мұндай норма телекоммуникациялар нарығын дамыту және деректерді өңдеу орталықтарына қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына енгізілген.
Аталған құжатқа сәйкес, елде абоненттік нөмірді және ұялы байланыс құрылғыларын үшінші тұлғаларға беруіне тыйым салынады. Бұл шектеулер жақын туыстарға қатысты болмайды.
«Биометриялық аутентификацияға қатысты нормалар Цифрлық кодекске сәйкестендіріліп отыр. Сондай-ақ абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу рәсімін оларды верификациялау арқылы жетілдіру көзделген.Бұл заңсыз әкелінген және тіркелмеген құрылғылардың қолданылуын азайтуға, сондай-ақ IMEI-ді алмастыру арқылы жасалатын алаяқтық схемалардың қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.
Сондай-ақ ұялы телефондарды верификациялау мемлекет бақылауына беріледі.
«Верификация функциясын мемлекеттік радиожиілік қызметінің қарамағына беру ұсынылып отыр», – деп мәлімдеді Мәжілісте.
Бұл шара тұтынушыларға сатып алатын телефондардың түпнұсқа әрі сапалы екеніне сенімді болуға көмектеседі. Сонымен қатар жеке қауіпсіздікті күшейтеді, бизнес арасында әділ бәсекелестік пен ашық баға қалыптастыруға жағдай жасайды. Ал мемлекет үшін кедендік бақылауды күшейтіп, ұялы телефон ұрлығын азайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, қазақстандықтар SIM-карта сатып алғанда биометриялық тексеруден өтуге міндетті болады.