Құрылтайда партияларды қаржыландыру тәртібі қалай болады – ОСК хатшысы түсіндірді

Құрылтай сайлауын өткізуге қанша қаражат қажет болатыны әзірге белгісіз. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында ОСК хатшысы Шавкат Өтемісов мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлау күні де әлі нақты анықталған жоқ, ал оны өткізуге жұмсалатын шығын көлемі тек нақты мерзімі жарияланғаннан кейін есептеледі.
«Тиісті жарлыққа Президент қол қояды», – деді ол.
Партияларды қаржыландыру қалай жүзеге асады
Өтемісовтің сөзінше, партияларды қаржыландыру олардың 5 пайыздық межені еңсеріп, парламентке қанша саяси күш өтетініне байланысты болады.
«Одан кейін әр партияның жеке жинаған дауыстары есепке алынады. Сол бойынша арнайы формулалар арқылы қаржы мөлшері анықталады», – деді ОСК хатшысы.
Алайда ол формула нақты қандай екенін, оның қандай құрамдас бөліктерден тұратынын түсіндірмеді. Қазіргі партияларды ұстауға республикалық бюджеттен қанша қаражат жұмсалатынына да нақты жауап бермеді.
Оның айтуынша, мәселе Қаржы министрлігінің құзыретіне кіреді.
«Қазір бұл туралы нақты айту қиын. Ең дұрысы – сайлау күнін күтейік, сайлауды өткізейік, Құрылтайға қанша партия өтетінін көрейік», – деп түйіндеді Шавкат Өтемісов.
Еске салайық, 8 мамыр күнгі парламент отырысында «ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.