Боралдайда дәмханадағы жанжал кезінде ер адам қайтыс болды

Алматы облысының Боралдай кентінде 26 жастағы ер адамның өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.
Қайтыс болған адамның туыстарының айтуынша, ер адам дәмханаға жұмысқа келіп, үш тапсырысқа қызмет көрсетіп үлгерген. Жақындарының пайымдауынша, бұдан кейін оның таныстарымен арада түскен табысқа байланысты жанжал туындаған. Туыстары күдікті жас жігітті соққыға жығып, басына мұқыл затпен соққан болуы мүмкін деп мәлімдеп отыр.
Қайтыс болған адамның ағасының сөзіне қарағанда, алдын ала сараптама көкбауырдың жарылғанын көрсеткен. Ер адам қан құса бастаған. Сондай-ақ, туысы жедел жәрдем шақырғанға дейін оқиға орнында еден жуылғанын, ал зардап шеккен адамды жұмыс орнында киіндіріп қойғанын алға тартады. Кейін ауруханада ер адамның қайтыс болғаны тіркелді.
Алматы облысының полиция департаменті өлім дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
«Тергеудің қазіргі кезеңінде қайтыс болған адамның туыстары айтқан барлық уәждерге жан-жақты тексеру жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.
Жиналған материалдарға сәйкес, ер адамның денсаулығы нашарлап, содан кейін оны жедел медициналық көмек бригадасы ауруханаға жеткізген. Кейін ол көз жұмған.
Полиция сондай-ақ маңайдағы мекемелердің бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, куәгерлер мен оқиға орнына келген медицина қызметкерлерінен жауап алғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда. Тергеу барысы облыстық департамент басшылығының бақылауында.
Полиция басқа ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын атап өтті. Азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.