«ҚазМұнайГаз» Қызылорда облысында тақтатас мұнайын іздеуге кірісті

Сарапшы Олег Червинскийдің жазуынша, Қызылорда өңіріндегі мұнай кен орындарының сарқылуы жергілікті билік пен ұлттық компанияны біраздан бері алаңдатып келеді.
Осыдан он жыл бұрын, яғни 2014 жылы облысты басқарған Қырымбек Көшербаев қосымша барлау жұмыстары жүргізілмесе, аймақтағы мұнай қорының небәрі 10-15 жылға ғана жететінін ескерткен.
Осы мәселені шешу мақсатында Қызылордада геологиялық барлау жұмыстарын дамытуға арналған кеңес өткен. Оған бұрынғы облыс әкімі (жақында Үкіметке ауысқан) Нұрлыбек Нәлібаев пен «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов қатысты.
Кездесуде ұлттық компанияның 2026-2029 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы талқыланды. Жалпы саны 23 жобаны қамтитын бағдарламаның екеуі тікелей осы аймақта жүзеге асырылмақ.
Айта кетерлігі, өткен жылы «ҚазМұнайГаз» өз күшімен «Торғай Палеозой» учаскесінде тереңдігі 5 585 метрлік алғашқы ұңғыманы бұрғылап, үміт сыйлайтын нәтижеге қол жеткізген еді. Ендігі кезекте төмендегі жобаларға басымдық берілмек:
- «Торғай Палеозой №2» жобасы: тарихи деректерді қайта өңдеу, сейсмикалық зерттеу және 4 500 метр тереңдікке дейін бұрғылау жоспарланған.
- «Белес» жобасы: Құмкөл кен орнына жақын орналасқан бұл учаскеде компания алғаш рет тақтатас мұнайын (сланцевая нефть) өндіру мүмкіндігін қарастырып отыр. Мұнда 3 500 метр тереңдікте ұңғыма қазылып, тау жыныстарынан сынама алынады. Кейін оған химиялық зерттеу жасалып, тақтатас мұнайын игерудің болашағы айқындалмақ.
Бұл бағыт несімен маңызды?
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, тақтатас мұнайының әлеуеті зор. Мысалы, әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы ел – АҚШ өндіретін қара алтынның 70%-ы осы тақтатас мұнайына тиесілі. Ал осыдан ширек ғасыр бұрын мұнайдың 90%-ы дәстүрлі тәсілмен алынатын еді.
ҚР Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстандағы тақтатас мұнайының бастапқы геологиялық қоры 56,4 млн тоннаны құрап отыр.
Бұған дейін Шығыс Қазақстандағы жаңа мұнай кен орындары игеріле бастайтыны хабарланған.