Шекара қызметінде бастық болған әскери сот залында қамауға алынды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Әскери алты жылға сотталды/фото: shutterstock

Ақтөбе әскери сотында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі «Тасмола» шекара бөлімшесінің бастығы болған Сұлтан Конаров 6 жылға сотталды.

Ол пайдакүнемдік ниетпен өзіне берілген билік пен қызметтік өкілетті асыра пайдаланған. Заңсыз баю мақсатында әскери қызметшілерден ақша алған.

Конаров жауынгердің бірін шақырып, «Алғашқы демалысқа шығып бара жатырсың, мен бастықпын, ертең демалыс немесе басқа өтініш болған кезде алдыма келесің. Сонда шаруаларыңды мен шешемін, сол үшін маған бірдеңе алып бер» деген. Осыдан кейін Сұлтан Конаров жауынгерге алғысы келетін аяқ киімнің фотосын жіберген.

Тағы бір әскери қызметкерді «Тасмола» шекара бөлімшесіндегі қызметтік кабинетіне шақырып алып, «Саған ертең көтермелеу алатын адамдардың тізімін жасап отырмын, көтермелеу керек пе, егер керек болса, сол ақшадан маған 70 000 теңгені аударасың, аудармаған жағдайда саған көртемелеу бермеймін және қиын болады» деген.

Сот үкімімен Сұлтан Конаров 6 жылға сотталды. Ол сот залынан қамауға алынды. Сондай-ақ аға лейтенант әскери шенінен айырылды. Іс аясында 18 адамнан алған ақшасын қайтаруға міндетті.

Бұған дейін Маңғыстау облысында сарбаз қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды

Сондай-ақ оқыңыз