ШҚО-да қылмыстық топ 356 млн теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған

Қаржы мониторингі агенттігі Шығыс Қазақстан облысында 356 миллион теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған қылмыстық топтың жолын кесті.
Тергеу дерегіне сәйкес, күдіктілер «Усть-Каменогорск инерт» компаниясы атынан ауыр техникалардың қосалқы бөлшектері жеткізілді деген жалған бухгалтерлік құжат толтырып келген.
Шын мәнінде ешқандай тауар жеткізілмей, жалған шот-фактуралар кәсіпкерлерге салықтан жалтаруға мүмкіндік берген.
Аталған қылмыстық схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де тартылып, ол салық тексерісінен кедергісіз өту үшін құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.
«Бұл құжаттар арқылы олардың серіктестері корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын қоса алғанда, салық төлеуден заңсыз жалтарған. Аталған заңсыз схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқан. Ол салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін қажетті жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде 356 млн теңге заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылып, мемлекет бюджетіне салық түрінде түсуі тиіс 91 млн теңге шығын келтірілді.
Қазір сот шешімімен күдіктілердің үш пәтері мен бір автокөлігіне тыйым салынып, қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды.
Бұған дейін Шымкентте колонияда отырып білім беру саласына бөлінген бюджеттен 1,3 млрд теңге жымқырған әйел туралы жазған едік.