Түрік компаниялары Қазақстанға 4 млрд доллар инвестиция салады

Астанада өтіп жатқан Ердоған мен Тоқаев кездесуі аясында қазақ-түрік инвесторлары бірқатар меморандумға қол қойды.
Атап айтқанда, Miryıldız компаниясы Абай облысында тау-кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр. Алматыда İskefe Holding желатин өндіретін зауыт іске қоспақ.
Түркістан облысында Orzax Group биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндіріс орнын құрмақшы.
Ақтөбеде S Sistem Lojistik компаниясы «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп халықаралық әуежай аумағында логистикалық орталық қалыптастырып жатыр. Ал Астанада Tiryaki Holding бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салады.
Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанға 920 млн доллардан астам инвестиция тартылып, 3100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин түрік компанияларының қатысуымен Қазақстанда экономиканың түрлі саласында көлемі 4 млрд доллар болатын 100 инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Қазір жалпы құны тағы 4 млрд доллар құрайтын 50 бірлескен жоба бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Кездесу барысында екі басшы бейнебайланыс арқылы Түркияда салынған Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу рәсіміне қатысты. Ал Тоқаев Ердоғанды су жаңа Қожа Ахмет Яссауи орденімен марапаттады.