Түріктер Түркістанға БАД шығаратын зауыт салмақшы

Астанада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Тоқаевтың кездесуі өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша, Түркия тарапы Қазақстанға инвестиция салуды жалғастыра беруге ниетті екенін мәлімдеді.
Жақында Orzax Group компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыттың құрылысын бастамақшы. Ал YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр.
Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік те қарқынды дамып келеді. Тоқаев Түркияның ірі фармацевтика алпауыттары – Abdi İbrahim және Nobel компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын атап өтті.
Шымкентте түрік университетінің филиалы ашылады
Президент Қазақстан 2023 жылы Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп салғанын да атап өтті. Қазір Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы Түркияда оқиды, ал 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Астанада және Алматыда «Маариф» қорының мектептерін ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркиядағы Гази университетінің филиалы да өз жұмысын бастады.
«Қадірлі бауырыммен өткізген кездесу»
Жиында Ердоған Тоқаевты «қадірлі бауырым» деп атап, жаңа Конституция Қазақстан ынтымағын арттыратынына сенім білдірді.
«Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде саудадан бастап энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ жаһандағы өзекті мәселелер секілді көптеген тақырыпта пікір алмастық. Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз. Бүгінгі бизнес-форум сияқты іскерлік ортаны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын, – деді Түркия президенті.
Режеп Тайып Ердоған 13 мамырда мемлекеттік сапармен Астанаға келген. Оны Тоқаев әуежайдан жеке өзі күтіп алды.