Вице-министр: Қазақстанда 430 мың адам жұмыссыз жүр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің тілшісі
жұмыссыз, жұмыссыздық
Шенеунік жұмыссыз көбейді деген уәжбен келіспейді / фото: shutterstock

Қазақстанда 2026 жылы жұмыссыздық деңгейі былтырғы мөлшерде – 4,6% шамасында сақталып тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев осылай дейді.

Жұмыссыздар көбейді ме

Министрдің орынбасары 14 мамырда Астанада БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Брифингте жұмыссыздық деңгейі туралы сұрақ қойылды.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір елде жұмыссыздар саны 4,6% болып тұр. Ол Халықаралық еңбек ұйымының формуласы негізінде әзірленген мәлімет. Шамамен 430 мың адам жұмыссыз жүр», – дейді вице-министр.

Оның айтуынша, 333 мың адам жұмыс іздеп, еңбекпен қамту мекемелеріне арызданған.

«Үкіметтің белсенді жұмысының арқасында, былтырғы деңгей биыл да сақталып отыр», – дейді Тұяқбаев.

Вице-министр 2025 жылы 936 мың, ал 2026 жылы 146 мың жұмыс орны ашылғанын айтты. Шенеунік Қазақстанда жұмыссыздар көбейді деген қорытындымен келісе алмайтынын мәлімдеді.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт туралы

Бұған қоса, Тұяқбаев АҚС (Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт) талаптарының өзгеруі жұмыссыздар санына әсер етпейді деп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, президент қол қойған жаңа заң 8 маусымнан бастап күшіне енеді. Ол бойынша АҚС шартында еңбек қатынасының белгісі байқалса, инспекция мұндай келісімді мәжбүрлі түрде еңбек шартына ауыстыртады.

Соған байланысты жұмыс берушілер осындай шартпен істеп келген азаматтарды жұмыстан қысқартуға көшкен.

Кәсіпкерлер осы реформаға алаңдап отыр. Себебі елдегі курьер қызметтері, күзет агенттіктері, клининг компаниялары және IT саласында жұмысшылардың 70-90%-ы +АҚС шартымен жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз