Әкім орынбасары аурухана жанынан құрылыс бастауға кім рұқсат бергенін айта алмады

Астана әкімдігі тура аурухана жанынан тұрғын үй кешенін салудың сөкеттігі жоқ, ал құрылыс жұмыстары жедел жәрдем көлігіне еш кедергі кетірмейді деп есептейді. Бірақ әкім орынбасары Ерсін Өтебаев тұрғын үй кешенінің құрылысына кім рұқсат берді деген сұраққа жауап бере алмады.
Мәселенің мән-жайы
Астана тұрғындары бірнеше айдан бері №2 қалалық аурухана жанынан тұрғын үй құрылысының басталғанына алаңдаулы. Олардың сөзінше, медициналық мекеменің аумағы құрылыс алаңына айналып кеткен.
Желіге жарияланған кадрлардан құрылыс краны Рысқұлов көшесінде орналасқан қалалық аурухана аумағынан өтіп бара жатқанын көруге болады. Медициналық мекеме жанынан бизнес-санаттағы, тоғыз қабатты BAYAAN кешені салынбақшы.
Бірақ тұрғын үй ауруханаға тым жақын орналасқан. Тұрғындар құрылыс техникасының шуы науқастарға кері әсер етеді, кейін тіпті жедел жәрдем көлігінің қызметіне кедергі келтіреді деп есептейді. Дегенмен құрылысқа жауапты NAK компаниясы барлық мемлекеттік сараптамадан өткенін, рұқсат қағаз алынғанын айтады.
«Ол – жекеменшік жер»
Парламент отырысының кулуарында тілшілер Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтан дәл осы мәселені сұрады.
«Қазір тұрғындар ЭКСПО маңындағы «Баян» тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы болып. отыр. Тура аурухана жанынан жаңа үй құрылысын бастауға кім рұқсат берді? Бұл болашақта жедел жәрдем көлігінің қозғалысына кедергі болмай ма», – деген сауал қойды тілшілер.
Әкім орынбасары қандай органның рұқсат бергенін айта алмады.
«Менің білуімше, ол – жекеменшік жер. Барлық жобалық-сметалық құжаттары бар. Рұқсат берілген. Бірақ, жобаның кей тұсы қайта қаралады», – деді ол. Бірақ нақты қай тұсы қайта қаралатыны да белгісіз.
Шенеуніктің өзі құрылыс жедел-жәрдем көлігіне еш кедергі келтірмейді деп есептейді.
«Ол жерде жолайрық бар, жолды жауып қалады деп ойламаймын. Құрылыстың бастапқы кезеңінде ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Бірақ кейін олар тек күндіз ғана жұмыс істейді ғой», – дейд Ерсін Өтебаев.
Еске салайық, сәуірде Астандағы тұрғын үйдің бірінен өрт шығып, үш бала қайтыс болды. Жеңіл көліктер көпқабатты үйдің маңына дұрыс қойылмағандықтан, өрт сөндірушілер бірден оқиға орнына жете алмады. Депутаттар бұл мәселеге төтенше жағдайды ескермеген құрылыс компаниясы жауапты екенін айтып, Құрылыс кодексіне өзгеріс енгізу қажет деген еді.