Банк картасын аша алмағанына шамданып, боғауыз сөз айтқан шетелдік 10 күнге қамалды

Алматыға келіп, санкцияны айналып, банк картасын ашпақшы болған шетелдік азамат 10 күнге қамалды. Ол қоғамдық орында дөрекі, былапыт сөйлеп, қоғамдық тәртіп туралы ел заңнамасын бұзды деп хабарлады Алмалы аудандық полициясы.
Шетелдік азаматшаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Мәселенің мән-жайы
Көрші елдің азаматшасы Қазақстанға келіп, санкцияны айналып, төлем картасын алмақшы болады. Бірақ елдегі банктерде шетелдіктерге карта беру тәртібі қатаңдатылғандықтан, ойға алғаны іске аспайды.
Төлем картасын алу қиынға түскеніне ашуланған азаматша парақшасына видео жариялады. Ол жерде былапыт сөздер де қолданған.
«Өзімді Ресейге келген өзбек сияқты сезіндім», – дейді ол видеоның бірінде.
Бұл бейнежазбасы көпшіліктің сынына ұшырап, шетелдік қонақты жауапқа тартуға шақырған еді.
Еске салайық, былтыр Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бір жылдан аса мерзімге тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдіктерге карта ашуға тыйым салған. Осыдан кейін кейбір банктер шетелдіктерге карта ашуды тоқтатқан.