Асқазаны дұрыс істемейтіндер де «ішкен» деп ұсталып жатыр – депутат

Депутат Мұрат Әбенов полиция қолындағы алкотестер дұрыс істемейтінін, соның кесірінен азаматтар зардап шеккенін айтты.
Сондықтан, ол құқықтық нормаларды өзгертуге күш жұмсап жатқанын мәлімдеді.
Полиция камераларын өшіріп, қосады
«Өкінішке қарай, арақ ішті деп көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтар өте көп. Өйткені, біздің заңдың нормалар көп жағдайда азаматтарға өз позициясын дәлелдеуге мүмкіндік бермейді», – деді депутат.
Мұрат Әбенов мәселемен екі ай бойы айналысып жатыр. Ол азаматтарды полиция ұстаған кезде полиция қызметкерлерінің камерасын бір өшіріп, бір қосатынын аңғарған. Айтуынша, камерасын өшірген кезде «түсініксіз ұсыныстар» береді. Жүргізуші мас емес екенін дәлелдеуі үшін қан тапсыруға рұқсат бермейді.
Әйел адамды дәретхана жібермей жеті сағат ұстаған
«Тек алкотестер ұсынады. Ол көп жағдайда дұрыс жұмыс істемейді. Ондай фактілер бізде бар. Жақында Астанада әйел адамды дәретханаға жібермей жеті сағат ұстаған. Тек қана қамау үшін, ұсыныс жасау үшін. Мас емес екенін дәлелдеу үшін он рет үрлеткен. Бұл дұрыс емес. Заңда ондай нәрсе жоқ. Азаматтар полицияның бұрынғыша жұмыс істейтінін айтады – тек қана біреуді айыптау, тартып алу. Қазір азаматтар сауатты. Дәлелдей біледі», – дейді депутат.
«Қан тапсырыңыздар»
Мұрат Әбенов азаматтарға алкотестерден толық бас тартуға құқығы бар екенін айтты. Мас емес екенін дәлелдеу үшін қан тапсыруға шақырды.
«Тыңдамаңыздар полицияны. Қан тапсырам деп айтыңыздар. Қан тапсыру – ең дәл көрсететін амал. Мен денсаулық сақтау министрімен сөйлестім. Нормаларды қайта қарауымыз керек», – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, жүргізушінің асқазаны дұрыс жұмыс істемесе де мас деп шығарады. Адамды жеті жылдан көлік жүргізу құқығынан айырады.
Полиция мен дәрігер жымдасқан
«Біз полициялық мемлекет емеспіз. Адам құқығын қорғауымыз керек. 300 мың адам. Ақтөбеде кеше 400 адамның құқығынан айырылғанын көрдім. Соның кесірінен қанша адам нанын таба алмай отыр», – деді Әбенов.
Жақында депутатқа Шығыс Қазақстан облысы бір азамат келіп шағымданған. Сөзіне қарағанда, карколог дәрігерлер полициямен бірге заңсыз қадамдарға барған. Скотчқа оралған, жұмыс істемейтін алкотестер қолданған. Азамат ішпегенін дәлелдеу үшін қан тапсыруды өтінсе де, одан бас тартқан. Сол дәрігер бұл ісі үшін сотталған.
«Мен де ішкен адамға қарсымын. Бірақ ішпеген адамды ішті деп дәлелдеу – одан да үлкен қылмыс», – деді депутат.
Айта кететін жайт, Алматыда ішімдік ішіп рөлге отырды деп үш күнде 43 жүргізуші куәлігінен айырылды.