Халық кеңесіне тек «ең беделді» қазақстандықтар кіреді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: gov.kz

Халық кеңесіне «ең беделді қазақстандықтар» кіреді, олар еш жалақы алмайды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осылай деп мәлімдеді, бірақ «ең беделді» деген ұғымға кімдер кіретінін атап бере алмады.

«Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық бастамамен жұмыс істейді, ешкім ешқандай жалақы алмайды. Ол паритетті негізде қалыптасады: әрбір ұлттық-мәдени орталықтан, қоғамдық бірлестік пен аймақтардан 42 адамнан ұсынылады. Барлығы 126 адам болады. Қоғам белсенділерін ұсынады, бірақ соңғы тізімді президент бекітеді», – деді депутат.

Саировтың түсіндіруінше, белгілі бір шорт-тізім құрылады. Тілшілер ол тізімге үміткерлер қандай негізде кіретінін сұрады.

«Енді Қазақстан Республикасының ең беделді азаматтары, қоғамдық-саяси салмағы бар адамдар үміткер бола алады», – деп жауап берді депутат.

Ал журналистердің «ең беделді» деген кімдер ол деген сұрағына «кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері мен түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері» деп қысқа қайырды.

Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.  Жаңа ұйымның қызметі туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз