Экономика

Каспий құбыры желісі маусым айында мұнай экспортын 17%-ға қысқартады – Reuters

КТК құбыры / фото: gemini AI

Reuters агенттігінің дерегіне сүйенсек, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) маусым айында мұнай экспортын 1,45 млн баррельге дейін, шамамен 17%-ға қысқартуды жоспарлап отыр. Мамырда экспорт тәулігіне 1,8 млн баррель болған еді.

Маусымдағы көрсеткіш тіпті сәуір айындағы 1,65 млн барреллден де аз. Тасымал көлемінің айтарлықтай азаюына Қазақстандағы тәулігіне 0,4 млн баррель мұнай өндіретін ірі Қашаған кен орнында жөндеу жұмысының жүргізілуі себеп.

Маусымда басталатын жөндеу жұмысы 30 күнге созылуы мүмкін, ол елдегі жалпы мұнай өндірісі мен экспорттың төмендеуіне тікелей әсер етеді. Келесі айда нарыққа шығатын мұнай көлемі Ресейден келетін шикізат көлеміне де байланысты болмақ.

Мәселен, ресейлік «Новатэк» компаниясы Усть-Лугадағы зауытына жасалған дрон шабуылдарынан кейін газ конденсатының бір бөлігін амалсыз КҚК жүйесіне бағыттады. Оған қоса, Қазақстанның «Дружба» құбыры арқылы Германияға мұнай тасымалын тоқтатуы да Каспий құбыры желісіне қосымша көлем әкелуі мүмкін.

1 мамырдан бастап бұрын «Дружба» арқылы өткен қазақстандық мұнай басқа бағыттарға, соның ішінде Усть-Луга порты мен КҚК-ға ауыстырыла бастады.

Нарықтағы жағдайға келсек, сәуір айының ортасындағы ең жоғары көрсеткіштерден кейін КТК мұнайына (CPC Blend) деген сұраныс пен баға үстемесі біршама бәсеңдеген.