Шавкат Мирзиёев түркі жастарын Ташкент университетіне оқуға шақырды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: president.az сайтынан

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев түркі жастарына грант бөлуге дайын. Бұл туралы Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің бейресми саммитінде айтты.

«Ташкенттегі қоршаған орта мен климат өзгерісін зерттеу университетінде Түркі мемлекеттерінің жастары үшін 2026–2027 оқу жылдарына елу грант бөлінді. Жастарымызды осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырамыз», – деді ол.

Экология мәселелеріне назарды күшейту мақсатында ұйым аясында 2027 жылды «Табиғатты қорғау жылы» деп жариялауды ұсынды. Сол мүмкіндікті пайдалана отырып, түркі елдерінің басшыларын биыл Самарқандта өтетін жаһандық экологиялық қор ассамблеясына шақырды.

Мирзиёев сөзінде климаттың өзгеруі деген тақырыпқа да назар аударды.

«Экологиялық мәселелер мен климаттың өзгеруі мемлекеттерімізден үйлестірілген әрекеттерді талап етеді. Мұндай мәселелерге тиімді шешім табу үшін жасанды интеллект негізіндегі модельдерді пайдалану өзекті. Түркі мемлекеттері ұйымының климат қатерлерін мониторингтеу жүйесін құрудың маңызы зор. Бұл ретте құрғақшылықтың алдын алу, топырақ эрозиясы мен мұздықтардың еруі жағдайларын тұрақты бақылап отыру қажет. Трансшекаралық су ресурстарын басқару саласында жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше назар аудару керек», – деп атап өтті Өзбекстан президентті.

Бұған дейін Тоқаев та Астанада ашылатын жасанды интеллект университетінде түркі мемлекеттерінен келіп оқитын студенттерге грант бөлуге дайын екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз