Түркі дүниесінің көшбасшылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында қатысушы елдердің президенттері киелі мекеннің басты жәдігері – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды, деп хабарлайды Ақорда.

Түркі әлемінің рухани астанасына жиналған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ұлы ғұламаның рухына тағзым етті.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйлаған.

Тарихи жәдігермен танысу
Мәртебелі меймандар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген бірегей сәулет нысанын аралап көрді. Президенттерге кесененің тарихы туралы тың деректер ұсынылды:
- Нысан XIV ғасырдың соңында атақты Әмір Темірдің бұйрығымен бой көтерген;
- Кешен әртүрлі мақсаттағы 35 бөлмеден тұрады;
- Ғимараттың сыртқы биіктігі 41 метрге жетеді.
Мемлекет басшылары кесененің орталық бөлмесіндегі қазандықты, тарихи Тайқазанды және қола лауханы тамашалап, қабірхана залына бас сұқты.

Рухани қазына: «Диуани Хикметтен» «Манасқа» дейін
Зиярат ету барысында президенттер назарына түркі-ислам әлемінің ойшылдары мен шайырларының сирек кездесетін 45 кітабынан тұратын арнайы экспозиция ұсынылды. Көрмеге қойылған құнды жәдігерлердің қатарында мынадай туындылар бар:
- Қожа Ахмет Ясауи – «Диуани Хикмет»;
- Фирдоуси – «Шахнама»;
- Физули – «Ләйлі мен Мәжнүн»;
- Низами – «Хамса»;
- Науаи ғазалдары мен «Манас» жырының үзінділері.
Айта кетейік, бұл сапар бауырлас халықтардың ортақ тарихи-мәдени мұрасына деген құрметі мен рухани бірлігінің айқын символына айналды. Түркі әлемінің лидерлері кесене аумағында жерленген өзге де тарихи тұлғалардың әруағына дұға бағыштады.