Түркі елдерінің Түркістандағы бейресми саммитіне 500 журналист жиналды

Түркі мемлекеттері ұйымының 15 мамырдағы бейресми саммитіне бұқаралық ақпарат құралдарының 500-ге жуық өкілі жиналды. Түркістан қаласындағы қонақ үйлерде орын жоқ.
Журналист көп
Бауырлас елдердің форумынан Қазақстанның өзінен 300 журналист ақпарат таратуға дайын отыр. Ұйымға мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан, сонымен бірге бақылаушы мәртебесіне ие Венгрия мен Түркіменстаннан 200-ге жуық журналист жұмыс істейді.
Түркістандағы қонақүйлерде орын қалмағандықтан, БАҚ өкілдерінің кейбірі университет жатақханасында, хостелдерде тұрып жатыр.
Журналистердің дені саммит өтетін Конгресс Холл ғимаратына кіре алмайды. Олар Woosong университеті (Оңтүстік Корея) Түркістан филиалының баспасөз орталығында жұмыс істейді. Саммиттің тікелей трансляциясы осында көрсетіледі. Kursiv.Media бейресми саммиттен хабар таратады.
Саммит бағдарламасы
Форум 15 мамырда Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады деп жоспарланған. Оған дейін түркі елдерінің басшылары Түркістанның көрікті жерлерін аралайды. Олар Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болып, Керуенсарай туристік кешені мен Қолөнершілер қалашығын көреді.
Меймандар саммит қарсаңында салынған тағы екі нысан – Тайқазан композициясы мен жаңа этно-туристік кешенді көреді. Жұма намаз 5 мың орындық жаңа мешітте оқылады.
Көшелер жабылады
Форум қарсаңында Түркістанда қауіпсіздік күшейтіліп, қалада қозғалыс шектелді. Жұма күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңы, Жаңа қала аумағы, тоғызыншы көше, Саттарханов даңғылы, сонымен бірге тағы бірнеше жекелеген көше уақытша жабылады. Соған байланысты БАҚ өкілдеріне саммит өтетін күні ешқайда шықпау керектігін ескертті.