Lifestyle

ҰБТ жүйесін алдауға бола ма: Freedom Media жаңа «140 балл» сериалын ұсынды

Фото: Freedom Media


14 мамыр күні Freedom Media онлайн-кинотеатры көптен күткен «140 балл» сериалының тұсауын кесті. Туынды Қазақстандағы миллиондаған оқушы мен ата-ананың басты үрейі мен үмітіне айналған Ұлттық бірыңғай тестілеу тақырыбын түбегейлі жаңа қырынан ашады.

Сюжет: Тәуекел мен тергеу

Хикая желісі ең жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін жүйені бұзуды көздеген бір топ 11-сынып оқушысының айналасында өрбиді. Олар мақсаттарына жету үшін ең қауіпті айла-тәсілдерге жүгінеді. Алайда армандаған 140 балға қол жеткізген сәтте, күтпеген жерден тергеу амалдары басталып, жастардың тағдыры қыл үстінде қалады.

ҰБТ өмірлік сынақ па?

Freedom Media директоры Тимур Баировтың айтуынша, сериалдың мақсаты тек көңіл көтеру емес, маңызды әлеуметтік хабарлама беру.

«Емтихандағы нәтиже адамның бүкіл тағдырын шешпейді. Туынды арқылы соны көрсеткіміз келді», – дейді ол.

Статистикаға сүйенсек, 2025 жылы ҰБТ тапсырған 210 мың талапкердің ішінен тек 598-і ғана 130-дан жоғары балл жинай алған. Бұл сандар 140 балл жинаудың қаншалықты қиын әрі сирек құбылыс екенін және бұл тақырыптың қоғамда неліктен соншалықты өзекті екенін дәлелдейді.

Сериалды «Бір тоқсан» жобасын жасаған шығармашылық топ түсірді. Туындының сценарийін жазған – Нұрәлі Сұлтанов, қоюшы режиссері – Ален Ниязбеков. Жоба продюсерлері – Рустам Юсупов пен Игорь Воробьев. Сондай-ақ түсірілім тобында қоюшы оператор Юрий Левандовский мен қоюшы суретші Анастасия Пономарева еңбек етті.

Сериалға Қуантай Әбдімәди, Роза Мұқатаева, Әлихан Нұржауов, Дильназ Қуанышева, Дильназ Құрманғали, Әділ Ибраев, Шоқан Чупанбаев, Адема Еділова, Нұртілек Жарылқасын, Бақытжан Балаханов және Аружан Тимур түсті.

Қайдан көруге болады?

«140 балл» сериалы жастар драмасы, детектив және әлеуметтік драма элементтерін шебер ұштастырған. Визуалды шешімдері мен заманауи қазақ тіліндегі диалогтары туындыны ерекше етіп тұр.

Сериал 2026 жылдың 14 мамырынан бастап Freedom Media YouTube-арнасында және онлайн-платформасында қолжетімді.