«Жайлы мектеп» жобасына жауапты компания қомақты табысынан айырылған

Жарияланды
Business News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
фото: gov.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстандағы «Жайлы мектеп» жобасына жауапты Samruk-Kazyna Construction компаниясының 2025 жылғы түсімі 14,5 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен (21,2 млрд теңге) салыстырғанда 31,6%-ға аз.

Түсімнің азаюымен қатар таза пайда да төмендеген. Компания бір жыл ішінде 6,5 млрд теңге пайда тапты, бұл 2024 жылғы 8,57 млрд теңгеден 24,6%-ға төмен.

Сонымен қатар, компанияның дивиденд төлеуге жұмсаған қаражаты да азайған. Егер 2024 жылы бұл мақсатқа 7,9 млрд теңге бағытталса, 2025 жылы төлем көлемі 3,4 млрд теңгеге дейін түскен.

Ал қарыздарды өтеуге 15,97 млрд теңге жұмсалды. Жыл соңындағы жағдай бойынша компанияның бөлінбеген пайдасы 44,8 млрд теңгені құрап отыр.

«Жайлы мектеп» жобасы

«Самрук-Қазына» қорына тиесілі компания ауқымды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асырып жатыр.

2025 жылдың соңына қарай Қаржы министрлігінен осы жоба аясында мектептер салуға бөлінген қаражат қалдығы 21,07 млрд теңгені құрады (2024 жылдың соңында бұл сома 199,9 млрд теңге болған).

Компанияның мектеп құрылысы бойынша келісімшарт міндеттемелерінде де үлкен айырмашылық бар: 2024 жылдың соңындағы 1,4 трлн теңгеден 2025 жылдың соңында 136,8 млрд теңгеге дейін азайған.

Айта кетейік, 2023-2024 жылдары 208 мектептің құрылысы бойынша конкурс өткізілген.

Коммерциялық тұрғын үй салады

Компания мектептерден бөлек, коммерциялық және тұрғын үй салады. Атап айтқанда, Астанадағы «Мыңжылдық аллеясындағы» тұрғын үй құрылысынан 3,88 млрд теңге табыс алу жоспарланған.

Одан бөлек, елордадағы шатыр және қаптау материалдарын шығаратын зауыт құрылысына 3,6 млрд теңге бөлінген.

Тараз, Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен, Қонаев және Атырау қалаларында тұрғын үй кешендерін салуға инвестиция салынған.

Сондай-ақ, компания жалдамалы үйлер салу үшін «Самрук-Қазынадан» алған 99,1 млрд теңгелік несие желісінің бір бөлігін, атап айтқанда 16,1 млрд теңге қарызын 2025 жылы мерзімінен бұрын толық өтеген.

Басқарушы құрамның сыйақысы қанша

Компанияның 8 адамнан тұратын топ-менеджерлеріне төленген сыйақы көлемі (жалақы мен бонус) былтыр 135,1 млн теңгені құрады. Салыстырмалы түрде, 2024 жылы бұл көрсеткіш 199,5 млн теңге болған еді.

Үкімет шешіміне сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін 460 мың орындық 208 мектеп бой көтеруі тиіс, оған жалпы көлемі 1,4 трлн теңге қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз