Астананың сол жағалауында автотұрақ бағасы қымбаттауы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Корреспондент отдела General News
Коллаж: kursiv.media архиві

Астанадағы ақылы автотұрақтар қаланың коммуналдық меншігіне өтеді. Оларды басқарып келген компания инфрақұрылымды әкімдікке өтеусіз береді, ал тиісті келісімшартқа келесі аптада қол қойылады. Бұл туралы Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев хабарлады.

Автотұрақтарда қандай өзгерістер болады

Өтебаевтың айтуынша, қалада автотұрақтар саны артады, ал тығыз салынған аудандарда баға өсуі мүмкін.

«Кейбір жерлерде баға саясаты қымбаттау жағына қарай қайта қаралуы мүмкін. Мысалы, тығыз қоныстанған аймақтарда, «Сол жағалау» сияқты», – деді әкімнің орынбасары.

Сонымен бірге әлеуметтік нысандар маңындағы автотұрақтар тегін болып қала береді, ал жексенбі күндері барлық қалалық автотұрақтар тегін болмақ.

«Біз демалыс күндері, жексенбіде ақылы автотұрақтарды тегін етуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарда да тегін болады», – деп түсіндірді Өтебаев.

Айта кетейік, автотұрақтардан түсетін кірістің 75 %-ы қалалық компанияға, ал 25%-ы бюджетке аударылады. Айыппұлдар бұрынғыдай қазынаға түсіп отырады. Әкім орынбасарының айтуынша, бұрынғы жүйе айыппұлдармен қоса шамамен 5 млрд теңге кіріс әкелген.

Қазіргі автотұрақ жүйесі

Ақылы коммуналдық автотұрақтар көше бойындағы және жабық түрлерге бөлінеді. Көше бойындағы автотұрақтарға көше-жол желісі аумағындағы және коммуналдық меншіктегі жекелеген учаскелердегі тұрақтар кіреді. Жабық түрлерге арнайы салынған ғимараттар мен көп деңгейлі тұрақ кешендері жатады.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап көше бойындағы автотұрақтарға сағаттық төлем енгізіледі. Құны әкімдік айқындайтын тарифтік аймаққа байланысты болады:

  • 1-аймақ сағатына 200 теңге (сұранысы жоғары);
  • 2-аймақ сағатына 150 теңге (орташа сұраныс);
  • 3-аймақ сағатына 100 теңге (сұранысы төмен).

Жабық автотұрақтар үшін бөлек тариф қолданылады. Сондай-ақ көлік 8 сағаттан артық тұрған жағдайда тәуліктік төлем және айлық абонементпен төлеу мүмкіндігі қарастырылған.

Тұрғындар өз үйлерінің жанындағы автотұрақты тегін пайдалана алады. Бұл мүмкіндік Жол жүрісін ұйымдастыру орталығының интернет-ресурсы арқылы өтініш беру негізінде беріледі және бір пәтерге бір көлік құралына ғана қолданылады.

Бұған дейін Астана мәслихаты депутаттары айыппұл тұрағы мен автокөлікті эвакуациялау үшін ақы төлеу мәселесін көтерген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз