Астананы дамыту үшін жаңа ведомстволар құрылады: олар немен айналысады

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «ҚР астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Астанаға қандай құзырет берілетінін айтты.
Конституциялық реформаның жалғасы
Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы конституциялық реформалардың жалғасы ретінде әзірленген.
«Астана бүгінде тек әкімшілік орталық қана емес, саяси басқару, экономикалық белсенділік, инвестициялық тартымдылық және қоғамдық даму үдерістерінің негізгі шоғырланған орталығы болып саналады. Елорданың қарқынды дамуы, халық санының өсуі және урбанизация үдерістерінің күшеюі құқықтық және басқарушылық тетіктерді жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты тиісті конституциялық заң жобасы әзірленді«, – деп баяндады вице-министр.
Заң жобасының мақсаты
Заң жобасының негізгі мақсаты – астананың ерекше мәртебесін айқындау, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қалалық орта қалыптастыру.
Мәслихат пен әкімдік өкілеттіктері нақтыланады
Жоба аясында мәслихат пен әкімдіктің өкілеттіктері нақтыланып, жүйеленеді.
Атап айтқанда, олардың құзыретіне:
- сәулет және қала құрылысы,
- жол қозғалысы,
- әлеуметтік қорғау,
- экология,
- туризм,
- коммуналдық меншікті басқару сияқты негізгі бағыттар енгізіледі.
Сонымен қатар, қолданыстағы басқа салалық заңдарда көзделген өкілеттіктер де сақталады.
Қала маңы аймағының шекарасы айқындалады
Қала маңы аймағының көлемі мен шекарасы және оны пайдалану тәртібін қалалық облыстық мәслихаттары мен әкімдіктердің бірлескен ұсыныстарын үкіметпен белгілейді.
Қалалық инфрақұрылым мен қызметтер
Заң жобасында астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, жолдарды санитарлық тазарту, туризмді дамыту және жер қатынастарын реттеу мәселелері қарастырылған.
Көлік инфрақұрылымын басқару, жол қозғалысын ұйымдастыру және автотұрақ жүйесін реттеу Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы арқылы жүзеге асырылады.
Орманды саябақ аймағы қорғалады
Астананың орманды саябақ аймағы қала аумағындағы қорғау, сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жерлер ретінде белгіленеді.
Оның шекарасын белгілеу және өзгерту Астана әкімдігінің ұсынысы бойынша Үкіметпен жүзеге асырылады. Бұл аумақта экологиялық жағдайға теріс әсер ететін қызмет түрлеріне тыйым салынады.
Бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру
Заң жобасында астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Осы мақсатта дизайн-код талаптары ғимараттарға, жол инфрақұрылымына, жарнама мен сыртқы безендіру элементтеріне қолданылады. Құрылыс, реконструкция және абаттандыру жұмыстары осы талаптарға сәйкес жүргізіледі.
Сәулет-қала құрылысы кеңесі құрылады
Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру жоспарланып отыр. Кеңес қаланың және оның маңындағы аумақтардың сәулеттік және көркемдік келбеті бойынша жобаларды қарастырады.Бұл бірыңғай қала құрылысы саясатын іске асыруға және елорданың заманауи келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Астананың жаңа құқықтық мәртебесі
Заң жобасын қабылдау астананың елдегі саяси, әкімшілік және экономикалық орталық ретіндегі ерекше рөлін айқындауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қос палата депутаттары «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады.