Меморгандар жұмысын алмастырмайды, пікір алаңы болады: Халық кеңесі немен айналысады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: t.me/mazhilis_kz

Бүгін, 15 мамырда Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мәртебесі мен міндеттерін Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды.

Қазақстан Халық Кеңесі не үшін құрылады

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған ҚР Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленді.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, жаңа Конституцияда Қазақстан халқы мемлекеттің басты билік көзі әрі егемендіктің иесі ретінде айқындалған.

«Жаңартылған конституциялық модельдің өзегінде – адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары тұр. Адамға бағдарланған тәсіл негізінде қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының сапалы жаңа үлгісі қалыптастырылуда«, деп мәлімдеді министр.

Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесі мен міндеттері

Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі жоғары конституциялық консультативтік орган мәртебесіне ие болады.

Құжатта Кеңестің мақсаттары, міндеттері мен қызмет қағидаттары, сондай-ақ өкілеттіктері, ішкі құрылымы және қалыптастырылу тәртібі айқындалады.

Министрдің айтуынша, негізгі тұжырымдама қоғам мен мемлекет арасындағы жалпыұлттық диалогтың тұрақты тетігін қалыптастыруға бағытталған. Кеңес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың негізгі құралы ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, жаңа институт мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың функцияларын қайталамайды. Ол ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейтін пікір алмасу алаңы болады.

Кеңестің құрылымы қандай болады?

Заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің нақты ұйымдастырушылық моделі ұсынылған.

Негізгі шешім қабылдайтын жоғары орган – Сессия. Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастамалар кіреді.

Сессиялар аралығында ағымдағы жұмысты Төралқа атқарады. Ол шешімдерді дайындауды қамтамасыз ететін алқалы орган болады.

Сондай-ақ тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру көзделген.

Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін Хатшылық мемлекеттік орган ретінде құрылмақ.

Кеңес құрамына кімдер кіреді?

Заң жобасында қоғамның негізгі топтарының тең дәрежедегі өкілдігі қарастырылған.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына:

  • этномәдени бірлестіктер;
  • қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар;
  • мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер өкілдері енеді.

Кеңес құрамы осы топтардың ұсынымдарын ескере отырып, 42 мүшеден қалыптастырылады.

Министрдің айтуынша, мұндай тәсіл түрлі қоғамдық мүдделерді ескеруге және ортақ келісілген ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, мүшелерге қоғамдық қызмет тәжірибесінің болуы, адалдықты сақтау және мүдделер қақтығысының алдын алу сияқты талаптар қойылады.

Төраға қалай сайланады

Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімін төрт жыл деп белгілеу ұсынылған.

Ал Кеңес Төрағасы Сессияда төрт жыл мерзімге сайланады. Кандидатураны Президент ұсына алады немесе Кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірі бастама көтере алады.

Заң жобасында бір адамның Кеңес Төрағасы болып екі реттен артық сайлануына жол берілмейтіні де көзделген.

Кеңестің өкілеттіктері

Қазақстан Халық Кеңесінің өкілеттіктеріне:

  • ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • заңнамалық бастама жасау;
  • референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеру;
  • қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру;
  • қоғамдық бақылауға қатысу кіреді.

Барлық өкілеттіктер консультациялық және бастамашылық сипатта болады.

Дін лидерлері съезін ұйымдастыру функциясы беріледі

Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесіне әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктеледі.

Министрдің айтуынша, Астанада дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл съезд конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық диалог алаңы ретінде орныққан.

Мемлекеттік органдар ұсынымдарды қарауға міндетті болады

Заң жобасында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың Қазақстан Халық Кеңесі әзірлеген ұсынымдар мен ұсыныстарды міндетті түрде қарауы бекітіледі.

Сондай-ақ мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимыл тетіктері айқындалады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заң күшін жою ұсынылды

Конституциялық заң жобасы қабылданған жағдайда, қолданыстағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның күші жойылды деп тану ұсынылады.

Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, бұл қоғамдық-мемлекеттік өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшуді білдіреді.

Сөз соңында министр депутаттарды «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қабылдауды қолдауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз