Қазақстанда қауіпті жүргізушілерді ерте анықтайтын ЖИ жүйесі іске қосылады

Алматыда жол апаты болмастан бұрын қауіпті жүргізушіні анықтай алатын жасанды интеллект жүйесі таныстырылды. Бұл туралы Sergek Group баспасөз қызметі хабарлады.
Компания мәліметінше, Sergek AI платформасының камералары тек жазбайды, сонымен бірге сол сәтте не болып жатқанын түсініп, есептеп отырады. Жүйе жүргізушінің қалай жүретінін бақылап, оның «мінезін» анықтайды. Егер ол жиі жылдамдықты асырып, жолақтарды қауіпті түрде жиі ауыстырса, жүйе мұны ескеріп, апат болу қаупі бар деп алдын ала сигнал береді.
«Сонымен қатар жасанды интеллект жолдың қауіпті учаскелерін анықтайды. Кейбір жол учаскелерінде ресми ереже бұзушылық тіркелмесе де, көліктердің қозғалыс тәсіліне қарап, ол жерде апат болу қаупі жоғары екені статистика арқылы байқалады. Яғни соқтығыс жиі болатын «қауіпті нүктелер» алдын ала анықталады. Сонымен қатар, қала сыртындағы трассаларда қозғалыс траекториясын талдау арқылы жүргізушінің шаршау белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді», – делінген Sergek Group хабарламасында.
Сондай-ақ Sergek AI платформасы қалалық ортаға да талдау жасайды. Егер белгілі бір учаскеде жол ережесін бұзу жиі қайталанса, бұл көшенің жоспарлануында немесе құрылысында проблема бар екенін көрсетеді. Платформа осындай деректер арқылы жолдардың құрылымын өзгертуге негіз болатын дәлелді ақпарат ұсынады.
Еске сала кетейік, енді камералар жаяу жүргіншілерге де автоматты түрде айыппұл салады. 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі жаңа өзгерістер күшіне енді.