«Бәйтерек» маңында шампан атқан блогерге айыппұл салынды
Жарияланды

Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Бәйтерек» монументі маңында шампан атқан блогерге айыппұл салды.
Блогер видеоны 27 сәуірде түсірген. Ол жерде шампан бөтелкесін ашып, ішіндегісін жерге төккен.
«Сот отырысында әйел кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Ол блогер ретінде «Бәйтерек» монументінің айналасында трендтегі бейнеролик түсіргісі келгенін, кейін қоқысты жинап кеткенін түсіндірді», – деп хабарлады сот.
Блогерге саябақ, скверді ластағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды.
Айта кетейік, Алматы облысында соңғы екі жыл ішінде қоқыс тастағандарға салынған айыппұл көлемі 169 млн теңгеден асқан.