«Кемі бір жыл бақылау керек»: Сәтқалиев пен Лихачев АЭС құрылысын талқылады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Балқаш» АЭС құрылысы жобасын іске асыру мәселелерін талқылады/фото: gov.kz

Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мәскеуде «Росатомның» бас директоры Алексей Лихачевпен кездесті.

Келіссөзде Қазақстандағы «Балқаш» АЭС құрылысы жобасын іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ Атом саласы үшін кадрлар даярлау, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, өндірісті оқшаулау және қазақстандық кәсіпорындардың атом жобаларын іске асыруға қатысу мәселелеріне назар аударылған.

«Станцияны салу барысында қазақстандық компанияларды тарту және оқшаулау мәселелерін, кадрлар даярлау мәселелерін, сондай-ақ жалпы ұзақ мерзімді перспективадағы ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқыладық. Барлық бағыт бойынша ортақ келісімге келгенімізді атап өткен жөн», – деген Алмасадам Сәтқалиев.

Алексей Лихачев инженерлік және табиғи-климаттық зерттеулер жүргізуді қоса алғанда, «Балқаш» АЭС жобасын іске асыруға кешенді дайындықтың маңызды екенін айтқан.

«Бізге алаңды кемінде бір жыл бойы бақылау қажет. Соның негізінде барлық қажетті есеп әзірленіп, жоба осы нақты орынның табиғи, геологиялық және климаттық жағдайларына нақты бейімделе отырып іске асырылады», – деген «Росатом» басшысы.

Айтуынша, «Балқаш» станциясы жобасы жергілікті ерекшеліктерді ескеріп әзірленеді және атом энергетикасы саласындағы ресейлік технологияларға негізделеді.

Айта кетейік, Қазақстанда энергия көзінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кемінде 3-4 атом электр станциясы салынады

Сондай-ақ оқыңыз