Президент Astana LRT-ның алғашқы жолаушысы болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жұмысын іске қосты.
Сондай-ақ елордадағы қоғамдық көлікке, соның ішінде LRT жүйесіне мониторинг жүргізіп, жұмысын реттейтін Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа 001 сериялы карта берілді.
Мемлекет басшысы LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүрді.

LRT қалай жұмыс істейді
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT жүйесін іске қосу аясында жеңіл рельсті көліктің арнаулы диспетчерлік қызметі жасақталған.
Қаладағы қоғамдық көлікке мониторинг жүргізу және оның қызметін реттеумен 21 маман айналысады.
LRT жүйесінің әр құрамы 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желі арқылы 15 құрам жүргізушісіз жүреді.
LRT инфрақұрылымында 18 станция мен заманауи депо бар. Бағыт бойынша жолдың ұзақтығы шамамен 40 минутты құрайды. Құрамдар сағатына 50-60 шақырым орташа жылдамдықпен 5-6 минут сайын жүреді.