Шымкент полициясы изоляторда қайтыс болған қызға қатысты мән-жайды түсіндірді

Шымкент полициясы 23 жастағы Сания Жұбанышеваның уақытша ұстау изоляторы қайтыс болғанына қатысты мән-жайды түсіндірді. Сондай-ақ қызға қатысты қылмыстық істің негізсіз қозғалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Полиция хабарлауынша, қыз кәмелетке толмаған жасөспірімнің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2 мамырға қараған түні көңіл көтеру орнынан шыққаннан кейін қыз танысының үйіне барған. Ол жерде танысының кәмелетке толмаған інісі мен қарындасы, сондай-ақ достары болған.
Жауап алынған куәгерлердің айтуынша қыз бен кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал туындап, қыз бәрінің көзінше жасөспірімге пышақ сұғып алған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілді.
Кәмелетке толмаған баланың денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті сол күні полицияға жеткізілді. Оның мас болғаны анықталған, қыздың денесінде ешқандай жарақат болмаған.
«12 мамыр, яғни ұсталғаннан кейін 10 күн өткен соң, тергеудегі әйел өзіне қатысты заңсыз әрекеттер жасалғанын мәлімдеді. Тексеру аясында үйде болған барлық адамнан жауап алынды. Куәгерлердің айтуынша, аталған уәж расталмаған. Соған қарамастан күдіктінің барлық мәлімдемесі мен оқиғаның мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тексеріліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Шымкент қаласының тергеу соты қаулысымен күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
«15 мамырға қараған түні камерада отырған қыз өзін жайсыз сезініп тұрғанын изоляторда бірге отырған әйелдерге айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ол камерада отырып, жүрек ауруын емдеуге арналған дәрілер ішкен. Ол дәрілер камерада отырған басқа әйелге тиесілі болған. Содан кейін қыз дереу медициналық мекемеге жеткізілді, алайда бірнеше сағаттан кейін қайтыс болды», – деп хабарлады полиция.
Өлімге дәрілік препараттан улану себеп болған. Суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ уақытша ұстау изоляторындағы тәртіптің бұзылуына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұған дейін адвокат Мухаммад Алиосман Оглы әлеуметтік не болғанын баяндады.