Астанадағы LRT-нің бір стансасы жолаушы қабылдауға дайын болмай шықты

Күні кеше іске қосылған «Astana LRT» жүйесіндегі «Жібек жолы» стансасы уақытша жолаушы қабылдауға дайын болмай шықты.
«City Transportation Systems» (CTS) компаниясының хабарлауынша, бұған станса айналасындағы инфрақұрылымның жолаушылар ағынына дайын болмауы себеп. Осыған байланысты пайдалануға берілген жоқ.
Қазіргі станса аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Онда асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер мен веложол салу, сондай-ақ айналаны көгалдандыру шаралары қолға алынған.
CTS өкілдері бұл жұмыс толық аяқталғаннан кейін «Жібек жолы» стансасы жолаушылар үшін есігін айқара ашатынын жеткізді. Ал қалған барлық стансалар таңғы сағат 6:00-ден түнгі 23:00-ге дейін штаттық режимде қызмет көрсетіп тұр.
Жалпы, ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын LRT желісінде 18 станса мен заманауи депо қарастырылған. Қазір жолға 15 пойыз шыққан, қалғаны резервте тұр.
Пойыздар жүргізушісіз, автоматты режимде басқарылады және әр құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға қауқарлы.
Орташа жылдамдығы сағатына 50–60 шақырымды құрайтын пойыздардың аралық интервалы – бес-алты минут.
Жолаушылар алғашқы стансадан соңғы нүктеге дейін шамамен 40 минутта жете алады, ал жол жүру құны – 200 теңге.