Lifestyle

Болгария әншісі «Еуровидение-2026» жеңімпазы атанды

Болгар әншісы топ жарды / Фото: euronews.com

Вена төрінде өткен 70-ші «Еуровидение» ән байқауы Болгарияның тарихи жеңісімен аяқталды. Сахнада «Bangaranga» атты жалынды хитін орындаған әнші Дара 516 ұпай жинап, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ол қазылар алқасынан 200-ден астам балл еншілеген жалғыз қатысушы атанды, ал көрермендер дауысынан оның өзгелерден қара үзіп шыққаны белгілі болды.

Болгарлық өнерпаз финалда 24 қарсыласын басып озды. Оның негізгі бәсекелесі болған израильдік Ноам Беттан соңғы сәтке дейін алда келе жатқанымен, қорытындысында 343 ұпаймен екінші орынды місе тұтты.

Үздік үштікті Румыния үміткері Александра Кэпитэнску түйіндеді. Сонымен қатар, үздік ондықтың қатарына Аустралия, Италия, Финляндия, Дания, Молдова, Украина және Грекия елінің өкілдері енді.

Биылғы ән додасы соңғы жылдардағы ең даулы әрі күрделі кезеңдердің бірі ретінде тарихта қалмақ.

Газа секторындағы соғыс пен Израильдің байқауға қатысуына наразылық ретінде бірнеше мемлекет сайысқа бойкот жариялады.

Атап айтқанда, Ирландия, Исландия, Испания, Нидерланд және Словения елдері додаға қатысудан үзілді-кесілді бас тартты.