Қазақстандық оқушы ЖИ көмегімен қатерлі ісікті ерте анықтайтын жүйе ойлап тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ЖИ арқылы қатерлі ісікті анықтауға арналған жүйе ойлап тапты / Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Тараздық 11-сынып оқушысы Арнұр Артықбай жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісікті ерте анықтайтын жүйе ойлап тауып, АҚШ-тағы халықаралық көрмеде арнайы жүлде мен Сауд Арабиясының үздік университетіне грант ұтып алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

АҚШ-та мектеп оқушыларына арналған ең ірі әрі беделді дүниежүзілік көрме – Regeneron ISEF 2026 өткен. Биыл бұл додаға әлемнің 60-тан астам елінен 1700-ге жуық жас дарын қатысты.

Осы үлкен бәсекеде ел намысын қорғаған 7 қазақстандық оқушының ішінен Тараз қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушысы Арнұр Артықбай ерекше көзге түсті.

Арнұрдың «Машиналық оқыту негізінде қатерлі ісікті автоматты түрде анықтау жүйесі» атты жобасы жасанды интеллект арқылы қатерлі ісік ауруын өте ерте әрі дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Дарынды оқушының еңбегін халықаралық MAWHIBA Foundation қоры жоғары бағалап, 400 доллар ақшалай сыйлық берді.

Сонымен қатар Арнұр Сауд Арабиясының ең беделді оқу орындарының бірі -Король Фахд атындағы Мұнай және пайдалы қазбалар университетіне (KFUPM) тегін оқуға жолдама (грант) алды.

Regeneron ISEF – мектеп оқушылары арасындағы ең ірі ғылыми-инженерлік көрме. Оған әлемдік ірі технологиялық компаниялар мен халықаралық ұйымдар қолдау көрсетеді.

Бұған дейін Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Бөрте Сайранбекқызы Гарвард университетіне оқуға қабылданған.

Сондай-ақ оқыңыз