АИ-95 бағасының өңірлік рейтингі: Бір айда бензин қаншаға қымбаттады

Kursiv Media зерттеуінше, көктемнің алғашқы айларында Қазақстанның ішкі нарығында жанармай бағасының құбылуы байқалды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, наурыз және сәуір айлары аралығында АИ-95 маркалы бензиннің республикалық орташа бағасы литріне 2 теңгеге өсіп, 309-дан 311 теңгеге жетті. Дегенмен, өңірлік кесіндідегі баға конъюнктурасы әртүрлі динамиканы көрсетіп отыр.
Ең жоғары баға өсімі қайда тіркелді?
ҚР ҰСБ дерегінше, бір ай ішіндегі ең үлкен секіріс дәстүрлі түрде жанармай арзан саналатын батыс өңірде және солтүстікте тіркелді. Атырау қаласында баға бірден 5 теңгеге өсіп, наурыздағы 284 теңгеден сәуірде 289 теңгеге жетті. Өсім қарқыны жоғары болғанымен, Атырау әлі де республикадағы ең арзан бензин сатылатын қала статусын сақтап қалды. Көкшетауда да баға 5 теңгеге шарықтап, литрі 298-ден 303 теңгеге қымбаттады. Ал ең ірі мегаполис Алматыда сұраныстың жоғары болуы бағаға тікелей әсер етіп, наурызда 320 теңге болған АИ-95 сәуірде 4 теңгеге қосылып, 324 теңгеге тұрақтады. Сондай-ақ, Шымкент, Орал және Түркістан қалаларында баға біркелкі 3 теңгеге өсті.
Ең қымбат және ең арзан өңірлер
Логистикалық ерекшеліктер мен тұтыну көлемінің ауқымдылығына байланысты, еліміздегі ең қымбат АИ-95 бензині оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде сатылып жатыр. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласына (324 тг/л) тиесілі болса, одан кейінгі орындарда литрі 321 теңгеден сатылып жатқан Талдықорған және 320 теңгені құраған Қонаев қалалары тұр. Бұл екі қалада да бір ай ішіндегі өсім небәрі 1 теңгені құрады.
Мұнай өндіруші және өңдеуші зауыттарға жақын орналасқан батыс аймақтарда баға дәстүрлі түрде төмен деңгейде қалып отыр. Атыраудағы күрт өсімге қарамастан, ол ең арзан қала болып қала берді. Одан кейінгі орындарда литрі 290 теңгеден сатылып жатқан Ақтөбе мен 294 теңгемен Орал қаласы орналасқан. Ақтөбеде баға бір айда небәрі 1 теңгеге ғана көтерілген.
Тұрақтылық сақталған қалалар
Еліміздің қалған басым бөлігінде баға тұрақтылық танытты. Астана, Қарағанды және Өскемен қалаларында бензин небәрі 2 теңгеге қымбаттаса, Ақтау, Жезқазған, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей және Тараз қалаларында өсім литріне 1 теңгеден аспады. Сәуір айындағы бұл мәліметтер ішкі нарықтағы инфляциялық қысымның біркелкі емес екенін және аймақтық ерекшеліктерге тікелей тәуелділігін айқын көрсетеді.
Айта кетейік, биылғы егіс маусымда дизель отынының бағасы өңірлердегі белгіленген бекеттерге дейін (ҚҚС-ты есепке алғанда) литріне 263 теңгені құрап отыр