
Almaty Museum of Arts (ALMA) заманауи өнер музейінде өткен алғашқы «Музейлер түні» мәдени шарасы аншлагпен өтті. Бар-жоғы 6 сағаттың ішінде музей табалдырығын 6314 адам аттаған. Kursiv LifeStyle бұл шараның неліктен демалыс күндері ең көп талқыланған мәдени оқиғаға айналғанын баяндайды.
Музей алдындағы ұзын-сонар кезек пен келушілердің әлеуметтік желідегі бөліскен видео-суреттерінен-ақ шараның қалай өткенін байқауға болады. Мәдени кеш 16 мамыр күні сағат 18:00-ден түн жарымына дейін жалғасты. Кіру барлық қонақтар үшін тегін болды.
Музей әкімшілігі келушілердің өнерге деген ерекше ықыласына алғыс ретінде әрбір қонаққа басқа уақытта келе алатын арнайы билет сыйлады. Бұл билет арқылы 2026 жылдың соңына дейін музейге тағы бір рет тегін келе алады.
«Almaty Museum of Arts барша қонақтарға өнерге деген шынайы қызығушылықтары, шабыт сыйлар энергиясы және кезекте тұрғандағы ерекше төзімділіктері үшін терең алғысын білдіреді. Келушілердің сабырлығы кіреберістегі міндетті күту сәтін мыңдаған пікірлестерді біріктірген ортақ мерекелік перформанстың бір бөлігіне айналдырды», – делінген музей таратқан мәлімдемеде.
Музыка, дәріс және интерактивті аймақтар
Ұйымдастырушылар бұл түнге арнап ерекше бағдарлама дайындады: Мультиинструменталист музыкант Герман Попов шығыс сарындарын, винилді тректер мен эксперименталды музыканы ұштастырып, тыңдармандарды баурады. Видео-арт туралы дәрістер оқылып, Орталық Азия суретшілерінің туындылары көрсетілді. Келушілер интерактивті аймақтарда сурет салып, қағаздан бұйым өруді үйренді және заманауи өнер ортасында ұмытылмас кеш өткізді.
Орталық стадионмен бәсекелес
Дәл осы кеште Алматының Орталық стадионында әлемдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен ауқымды концерт өтіп жатқан. Осындай ірі бәсекеге қарамастан, 6 мыңнан астам алматылық пен қала қонақтары өнер ордасын таңдаған.
«Бұл офлайн-аншлаг біздің музейдің бүгінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін басты тартылыс орталықтарының біріне айналғанын дәлелдеді. Дәл осы кеште 6 мыңнан астам адамның өнерді таңдағаны біз үшін өте құнды», – деп атап өтті ALMA-ның коммуникациялар жөніндегі директоры Гаухар Сәтбаева.
Айта кетейік, 18 мамыр – Халықаралық музей күні қарсанында Алматының барлық музейлерінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.