Ақша жымқырды деген күдікке ілінген Зеленскийдің серігі Ермак қамаудан шықты

Украина президенті кеңсесінің бұрынғы жетекшісі болған Андрей Ермак тергеу изоляторынан шықыт. Ол 140 млн гривен немесе 3,16 млн доллар көлемінде кепіл төледі деп хабарлады Украинаның Жемқорлыққа қарсы жоғарғы соты.
«Украинская правда» басылымының жазуынша, кепілге төленген қаражат 200 төлеммен бөліп төленген. Кейбір төлем 1 тиын ғана болған. Футболдан Украина құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Сергей Ребров 30 млн гривен аударған.
Андрей Ермак 14 мамырда ақша жылыстатты, мемлекет меншігін иемденді деген күдікпен ұсталған. Сот оны екі айға қамауға алды, бірақ 140 млн гривен төлеп, кепілмен шығуына да мүмкіндік берген. Зеленскийдің экс-серігі өзінде ондай қаражат жоқ екенін, бірақ «таныстары мен достарының көмегімен» іздейтінін айтқан.
Тергеу мәліметінше, ол Киев облысындағы элиталық құрылыс жобалары арқылы 460 млн гривеннен астам қаржыны заңдастырған топ мүшесі болуы мүмкін. Бірақ Ермак айыпты жоққа шығарды.
Андрей Ермак 2020-2025 жылдар аралығында Украина президенті кеңсесін басқарды. 2025 жылы қарашада ел басшысы оны қызметінен босатып, артынша үйінде тінту жүргізілген.