
Беларусь қорғаныс күштері ресейлік әріптестерімен бірлесіп ядролық әскери жаттығу өткізіп жатыр.
Бұл туралы Белта ақпарат агенттігі хабарлады.
Беларусь Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаттығулар 18 мамырда басталған. Оған зымыран әскерлері мен авиация бөлімдері қатысуда.
Негізгі мақсат – әскери бөлімдердің арнайы оқ-дәрілерді қолдануға дайындығын тексеру, сондай-ақ ядролық қаруды қолдану сценарийлерін пысықтау.
«Жаттығу барысында Ресей тарапымен бірге ядролық оқ-дәрілерді жеткізу және оларды қолдануға дайындау мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, Беларусь аумағындағы дайындалмаған аудандардан жасырын түрде орын ауыстыру және жауынгерлік міндеттерді орындау машықтары тексеріледі», – делінген ақпаратта.
Беларусь тарапы оқу-жаттығулар Одақтық мемлекет аясындағы жоспарлы шара екенін, үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын мәлімдеді.
Айта кететін жайт, аймақтық шиеленістерге байланысты көптеген елдер ядролық қару жасау мәселесін қайта қарауға мәжбүр болып отыр.