Google әлемдегі ең қымбат бренд атанды

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Google әлемдегі ең қымбат бренд атанды
Фото: Shutterstock

Google компаниясы 2018 жылдан бері алғаш рет ең қымбат әрі ең ықпалды брендтер рейтингінде көш бастап тұр. Соңғы төрт жылда Apple компаниясы көшбасшылықты ешкімге бермей келген.

Kantar BrandZ есебіне сәйкес, Google брендінің құны бір жылда 57%-ға өсіп, 1,5 триллион долларға жеткен. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өсім жасанды интеллектінің белсенді дамуымен байланысты. Дата-орталықтардың инфрақұрылымына салынған инвестициялар да қосымша серпін берген.

Ал Apple компаниясының жылдық көрсеткіші 6%-ға өсіп, 1,4 триллион доллармен рейтингтің екінші сатысына жайғасты.

Бұған дейін компания 2022-2025 жылдар аралығында тізімде көш бастап келген, сондай-ақ 2015 жылға дейін қатарынан жеті жыл бойы бірінші орынды ұстап тұрған еді.

Сонымен қатар, рейтингте Anthropic компаниясы ерекше көзге түсті. Ол алғаш рет үздік 100 брендтің қатарына еніп, 96,6 миллиард долларлық көрсеткішпен 27-орынға тұрақтады.

Бұл ретте OpenAI барлық компания арасында ең жоғары өсімді көрсетті. Бір жылда 285%-ға артқан. Kantar өкілдері мұндай жоғары көрсеткіш бұған дейін тек 2008 жылы BlackBerry компаниясында ғана тіркелгенін атап өтті.

Kantar BrandZ рейтингіне енген барлық компаниялардың жиынтық құны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға өсіп, рекордтық 13,1 триллион долларға жетті.

Айта кетейік,  америкалық Google компаниясы алдағы бес жыл ішінде Үндістанның оңтүстігінде деректер орталықтарын салуды жоспарлап отыр. Дата-орталықты салуға 15 млрд доллар жұмсалады.

Сондай-ақ оқыңыз