«Қайын жұртына өштескен»: атыраулық Сұлтан Сәрсемалиев қалай әрекет еткен

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Атырау
Атырауда алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр/коллаж kursiv.media (фото: Айгерим Таубай), бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Бүгін Атырауда бүтін бір отбасының өліміне күдікті деген Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі басталды. Отырыста прокурор айыптау актісін оқып, күдіктінің қайын жұртын не себепті өлтіргенін айтты.

Айыптау актісіне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2022 жылдың қыркүйегінде ажырасқан. Екеуінің арасындағы жанжал ата-енесімен бірге тұрмау талабынан басталған.

Мемлекеттік айыптаушы отбасындағы жағдайды 2022 жылдан бастап баяндады.

«2022 жылы Мұқанғалиеваның анасы Өтешқалиева қызының ата-енесінің қолында тұруына қарсы болып, қаладан жалға үй алып, жанұясымен бірге сол жерде тұруды талап еткен. Мұны естіген Сәрсемалиев өз ата-анасын тастап кетпейтінін айтып, қойған талаптарына келіспеген. Осы талаптан туындаған келіспеушілік салдарынан Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева арасында жанжал туындап, әйел заңды түрде ажырасу туралы арыз жазған.

2022 жылдың тамызында Мұқанғалиева қыз босанып, ата-анасы жалға алып берген үйде балаларымен бірге тұрып жатқан. 22 қарашада заңды түрде ажырасқан, сот шешімімен балалар анасының жанында қалған», – делінген айыптау актісінде.

Содан кейін Сәрсемалиев жанұясымен бірге тұрамын деп шешім қабылдап, 2023 жылдан бастап жанына көшіп барған. Араға біраз уақыт салып Сәрсемалиев 2023 жылдың ақпанында Мұнайшы мөлтек ауданындағы үйді жалға алып, жанұясымен бірге сол үйге ауысады.

«2024 жылдың 10 тамызында екеуі төрт баласын ертіп, ата-анасының үйіне демалысқа барған. Сол жерде суық тигізіп, Мұқанғалиеваға жүкті кезінде ота жасалған. Ота ауыр жағдайда өтіп, әйел 20 күн комада жатқан. Осы сәтте Қарабалин мен Өтешқалиева күйеу баласы Сұлтанды қалаға жіберген жағдайда балаларды өз ата-анасының үйіне алып кетеді деген оймен қалаға Мұқанғалиеваның жанына жібермей, үйде болуын талап еткен. Осының салдарынан Сәрсемалиевте қайын жұртына деген өшпенділік пайда болған», – деді прокурор.

Ақбаян Мұқанғалиева 2024 жылдың 10 қыркүйегінде ауруханадан шыққан, алайда психикалық қиындық пайда болған. Артынша Сұлтан Сәрсемалиев пен Наурыз Мұқанғалиев Ақбаянды Түркияға емге алып барған, бірақ ем оң нәтиже бермеген.

Содан кейін Атырау маңындағы жалдап тұрып жатқан үйінде Сұлтан мен Наурыздың арасында жанжал туып, Сұлтан Сәрсемалив Наурыз Мұқанғалиевті пышақтаған. Мәйітін үйдің іргесінде қазған шұңқырға көміп, үйдегі қан ізін тазалап шыққан. Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтің атынан 4 млн теңге несие рәсімдеген.

Еске салайық, бүгін Атырауда бір отбасын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды. Оған қылмыстық кодекстің 13 эпизод бойынша айып тағылған.

Сұлтан Сәрсемалиев істі алқабилер қарауына беруден бас тартты.

Сондай-ақ оқыңыз