
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы халықаралық әуежайдан қазақстандық қажылардың алғашқы легін қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына шығарып салды.
Наурызбай қажы Тағанұлы сапарға аттанғалы тұрған қажыларға сәттілік тілеп, лебізін білдірді.
«Алланың қасиетті үйіне бет түзеп, ұлы сапарға аттанғалы отырған баршаңызға Жаратушы Иеміз амандық, саулық, мол рухани қуат нәсіп етсін! Ұлы Раббымыз сапарларыңызды жеңіл әрі қайырлы етіп, жасаған қажылықтарыңызды қабыл болған қажылықтардың қатарына қосқай. Шамасы жеткен әрбір мұсылманға өмірінде бір рет қажылық жасау – парыз. Діни мен дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз қажылық сапарын ұлықтап «Ұлы сапар» деп атаған. Бұл – қазақ халқының Алланың хақ дініне деген құрметі мен ыстық ықыласының дәлелі», – деді ҚМДБ Төрағасы.
Бас мүфти сөзінде «Әли Имран» сүресінің 97-аятына тоқталып, шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару мойнындағы Алланың ақысы екенін еске салды.

Алғашқы топ Мәдинаға табан тіреді
Биыл елден қасиетті мекенге 4 000 қазақстандық аттанады. Қажыларға ресми лицензиясы бар 14 қажылық компаниясы қызмет көрсетіп жатыр.
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти әрі Қазақстан Қажылық миссиясының төрағасы Кенжетай Байкемелұлы бастаған топ Мәдина қаласындағы халықаралық әуежайдан 166 отандасымызды аман-есен күтіп алды. Алдағы күндері өзге де өңірлерден тікелей рейстермен қажыларымыз қасиетті жерге жетеді.

Қажылық миссиясы бес бағытта қызмет етеді
Қазақстандық қажылардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен жайлылығы үшін ҚМДБ жанынан арнайы Қажылық миссиясы құрылған. Миссия жұмысын толық бақылауға алып, келесі бес бағыт бойынша тәулік бойы қызмет көрсетеді: Ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары, уағыз-насихат айту, сұрақ-жауап және пәтуа беру, алғашқы медициналық көмек (миссия дәрігерлері тұрақты түрде кезекшілікте болып, қажылардың денсаулығын бақылайды).
Қажылық ислам күнтізбесі (хижра) бойынша жыл сайын Зул-хиджа айында өтеді. Жыл сайын қажылықтың нақты күндері айдың көрінуіне байланысты бекітіледі. Негізгі қажылық рәсімдері Зул-хиджа айының 8-і мен 12-і (немесе 13-і) аралығында, шамамен 5-6 күнге созылады. Биыл Зул-хиджа айы 18 мамыр күні кірді.
Ал 27 мамыр күні мұсылмандар үшін қасиетті Құрбай айт мерекесі басталады. Бұған дейін Муфтият құрбанды онлайн шалуға болатын сайтты іске қосқан еді.