Қазақстандықтар алған несиенің басып көпшілігі күнкөріске бағытталған

Ұлттық банктің статистикалық деректеріне сүйенсек, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша экономикаға берілген несиелердің жалпы көлемі кеңейтілген анықтама бойынша 50,9 трлн теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың 1 сәуірімен салыстырғанда 19,1%-ға артық.
Халық пен бизнес несиелерінің үлесі
2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша несие портфелінің құрылымы
Қаржы реттеушісінің есебіне сәйкес, несие алушылардың санаттары бойынша бөліністе халыққа берілген қарыздар көш бастап тұр. Нақтырақ айтсақ, жалпы несие көлемінің 27,0 трлн теңгесі немесе 53,1%-ы қарапайым азаматтардың үлесіне тиесілі. Ал жалпы портфельдің 23,9 трлн теңгесі немесе 46,9%-ы бизнеске, яғни несиені кәсіпкерлік мақсатта алған қаржылық емес заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге бағытталған.
Бас банк жариялаған ақпаратқа жүгінсек, осы несиелердің жалпы құрылымында ұлттық валютадағы қарыздардың үлесі басым болып, 89,5%-ды (45,6 триллион теңге) құрады. Осы орайда шетелдік валютадағы несиелердің үлесі 10,5%-ды (5,4 триллион теңге) көрсетті. Сонымен бірге, елдегі барлық несиелердің 85,2%-ы тікелей екінші деңгейлі банк секторы арқылы берілгенін атап өткен жөн.
Есептілік форматындағы өзгерістер
Сонымен қатар, дереккөздердің өзгеруіне және микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) несиелері бойынша есеп беру ақпаратын жинау жүйесінің ай сайынғы форматқа ауысуына байланысты статистиканы жариялау тәртібі де өзгерді. Ұлттық банктің түсіндіруінше, 2023 жылғы 1 шілдедегі есептерден бастап экономиканы несиелеу жөніндегі кеңейтілген статистикалық мәліметтерді жариялау жиілігі бұрынғыдай тоқсан сайын емес, ай сайынғы негізде шығып тұрады.
Айта кетейік, ресми статистика бойынша елдегі 4 миллионнан астам адамның қарызы жоқ.